• Басты
  • >
  • "Көк тиынсыз қалдыру". HRW есебінде "экстремизмді қаржыландырушылар" тізіміндегі адамдарға қойылған шектеулерді сынады

“Көк тиынсыз қалдыру”. HRW есебінде “экстремизмді қаржыландырушылар” тізіміндегі адамдарға қойылған шектеулерді сынады

28.08.2024

Human Rights Watch (HRW) халықаралық құқық қорғау ұйымы жаңа есебін жариялады. Есептің толық атауы – “Саяси қуғын, экономикалық шектеу: терроризмді қаржыландыруға қатысы бар деген қазақстандықтар тізімі қалай адам құқығын қосымша бұзуға әкелді”.

Құқық қорғаушылардың пікірі бойынша, Қазақстан билігі экстремизм мен терроризмге қарсы заңнаманы асыра пайдаланып, оны үкіметті сынағандарды қудалауға қолданып отыр.

Экстремизм мен терроризмге қатысы бар деген “шамадан тыс көп” айып тағылып сотталғандарға, тіпті ешқандай күш көрсетпесе де және күш көрсетуге шақырмаса да, оларға бірден “кең көлемді” қаржылық шектеу қойылады, соның салдарынан олардың құқығы бұзылады деп жазған HRW.

Штаб-пәтері Нью-Йоркте орналасқан құқық қорғау ұйымы Қазақстанға бірқатар ұсыныс білдірген, нақтырақ айтқанда, күш көрсету сипаты жоқ қылмыс жасаған деп сотталғандарды тізімнен шығарып, ұлттық заңнамадағы “экстремизм” түсінігінің анықтамасын қайта қарауды ұсынған.

Жаңа есепте Қазақстанда “экстремистік” қылмыстар үшін сотталғандарға салынып жатқан қаржылық шектеулер халықаралық қорғаудағы адам құқығын бұзатыны, соның ішінде экономикалық, әлеуметтік және мәдени құқықтарды бұзатыны айтылған. Есеп авторлары мұның күш көрсетумен және күш көрсетуге шақырумен байланысы жоқ “экстремистік” қылмыстарға жаза тағайындау кезінде мейлінше қатты көрінетінін айтқан.

Құқық қорғаушылардың пікірінше, қолданыстағы қылмыстық кодексте экстремизм мен терроризмге қатысты ереженің мағынасы бұлыңғыр, ал заңда күш көрсету элементі бар және жоқ “экстремизмнің” айырмашылығы көрсетілмеген.

Мұндай баптар бойынша сотталған адамдар автоматты түрде үкіметтің “экстремизм мен терроризмді қаржыландырушы тұлғалар” тізіміне енгізіледі. Бұл тізімге қосылғаннан кейін 24 сағат ішінде олардың банктегі есепшоты бұғатталады.

Ұйым сарапшылары экстремизммен немесе терроризммен байланысы бар деген айыппен жауапқа тартылып, содан кейін “экстремизмді қаржыландырушылар” тізіміне енген ересек балалары бар немесе осыған ұқсас айып тағылып, үкім шыққаннан кейін өзі осындай тізімге енген 18 адаммен сұхбаттасқан.

Олардың жауабына сүйенсек, тізімге енген тұлғалар айтарлықтай қиындықпен бетпе-бет келеді, мәселен, жұмысқа тұру, алимент алу кезінде қиналады, ақша айырбастау орындарында шетел валютасын сата алмайды және сатып ала алмайды.

2015 жылы Қазақстанда заңға түзетулер енгізіліп, терроризм мен экстремизмді қаржыландыруға қатысы бар тұлғалар мен ұйымдардың активтеріне тыйым салу механизмі енгізілді. Жеке тұлғаны мұндай тізімге енгізуге оның террористік немесе экстремистік қылмыс жасағаны үшін кінәлі екені дәлелденгені туралы сот үкімі заңды күшіне енуі негіз болады. Бұл тізімге енген тұлғаларға белгілі бір шектеулер қойылады, олар ақша немесе мүлікке иелік ете алмайды, банктегі есепшоттары бұғатталады.

“Терроризмді қаржыландыруға немесе ондай әрекет жасауға қатысы жоқ, заңды қаржы операцияларына мұндай шектеу қою негізсіз болып есептеледі”, – деп мәлімдеген HRW.

“ЭКОНОМИКАЛЫҚ ШЕКТЕУ” МЕН “КӨК ТИЫНСЫЗ ҚАЛДЫРУ”

HRW есебін жазу кезінде сұрауға жауап бергендердің бірі, мектепте сабақ берген Гүлзипа Жаукерова бейбіт наразылық акциясына қатысқан. Кейінгі бірнеше жыл ішінде ол екі рет бас еркіндігін шектеу жазасына кесілген. Оған тағылған айыптардың “экстремистік әрекетті қаржыландыруға” немесе “күш көрсету мен терроризм актісіне” қатысы болмаса да, Жаукерованы автоматты түрде “экстремистік тізімге” енгізген.

Оппозициялық топтарға қатысы болуы оны қудалауға себеп болған, ал ол топтарды Астана соты “экстремистік” деп танып, қызметіне тыйым салған (ҚДТ мен “Көше партиясы” Еуропарламент қарарларында бейбіт оппозициялық бірлестік ретінде көрсетілген).

Отбасын асырауға қажет негізгі тағамдарды сатып алу мүмкіндігі үнемі бола бермейтіндіктен, белсенді кәмелет жасына толмаған баласының қарны тоқ болуы үшін кейде тамақтың мөлшерін реттеуге тура келетінін айтқан.

Ол есепшот аша алмайтынын және ақша аудара алмайтынын мәлімдеді. Достары көмектескісі келсе, олардың бергенін алу үшін әрдайым кездесуге тура келеді. “Мен экономикалық шектеуге ұшырадым”, – деген белсенді HRW өкіліне.

Тағы бір белсенді Абайбек Сұлтанов та өзіне қолданылған шараны “экономикалық шектеу” деп сипаттаған, Қаржы мониторингі агенттігінің дерегі бойынша, ол 2024 жылғы 19 тамыздан бастап тізімнен шығарылғандар қатарында. Белсенді өзіне тағылған қаржылық шектеулер салдарынан отбасы Алматыдан тыс жердегі баспананы тіркеу процесін аяқтай алмағанын айтып шағынған. Халыққа қызмет көрсету орталығында оларға мұндай әрекетті жасай алмайтынын, себебі отбасында “экстремизмді қаржыландыратын” адам бар екенін айтқан.

Кейінгі жылдары “экстремистік” қылмыс бойынша екі рет жауапкершілікке тартылып, 2022 жылы “терроризмді қаржыландыратын адамдар тізіміне” енген белсенді Дархан Уәлиев бұл шектеуді “көк тиынсыз қалдыру” деп сипаттаған.

АЛИМЕНТ, САҚТАНДЫРУ ЖӘНЕ ЖОЛАҚЫ ТӨЛЕУ

Белсенді Еркін Сабаншиев (ҚМА дерегі бойынша, тізімнен биыл 14 маусымда шығарылған) адам тасып, аздап ақша тапсам деген оймен әкесінің көлігін сұрап мінгісі келгенімен, оған сақтандыру полисін ала алмаған. Сақтандыру компаниясындағылар полис берілмейтінін айтқан.

Тағы бір белсенді, атыраулық Макс Боқай (ол 2016 жылғы “жер митингісіне” қатысқаннан кейін “алауыздық тудырды” деген айыппен бес жылға түрмеге жабылған, құқық қорғаушылар істің саяси астары бар деп атаған) HRW ұйымына 2021 жылы, түрмеден шыққаннан кейін өмірін сақтандырғысы келгенімен, мұндай сақтандыру берілмегенін айтқан.

2017 жылы тізімге енген белсенді өзіне салынған қаржылық шектеу кесірінен мобильді телефон арқылы қоғамдық көлікте жол ақысын төлей алмаған. Боқайдың айтуынша, ұялы қызмет операторы электрон хат жолдап, нөмірінде мобильді қаржы қызметтеріне шектеу барын растаған.

Ақмарал Керімбаева (2021 жылғы 31 желтоқсаннан бастап тізімнен шығарылғандар қатарында) 2019 жылы “ҚДТ-ға қатысы болғаны үшін” бір жылға бас еркіндігін шектеу жазасына кесілген. HRW ұйымына берген жауабында белсенді соның кесірінен алимент ала алмағанын айтқан. Банк оған ақшаны бере алмаймыз деген. Артынан “экстремизмді қаржыландырушы адамдар тізімінде” болуына байланысты ақша берілмейтінін айтқан. Керімбаева HRW ұйымына берген жауабында сол кезде сотқа бергенімен, алиментті сол күйі ала алмағанын жеткізді.

Қазақстандағы адам құқықтары жөніндегі бюроның директоры Евгений Жовтистің айтуынша, мемлекеттік қызмет немесе мемлекеттің ақшасына қызмет көрсететін кез келген мекемеде бәрі көрініп тұрады және нақты адамның ЖСН-і сұралады. “ЖСН бұғатталып тұрғандықтан, ол бүкіл жүйеде бұғатталады”, – деді құқық қорғаушы HRW ұйымына берген жауабында.

Қолданыстағы ереже бойынша, тізімге енген жеке тұлғаларға өзінің және жеке кіріс көзі жоқ отбасы мүшелерінің күнкөрісі үшін 85 мың теңге (қазіргі бағаммен 175 доллар) көлемінде төлем беріледі, бұл – үкімет 2024 жылға белгілеген төменгі жалақы мөлшері.

Бірақ, бұл сома WageIndicator Foundation келтіретін күнкөріс шегі туралы мәліметтен (Алматы мен Астанада 180 мың теңгеден немесе шамамен 400 доллардан басталады) және Numbeo сервисінің бағалауынан айтарлықтай аз, оның бағалауы бойынша, Алматыда бір адамның өмір сүруіне айына 600 доллар қажет.

АСТАНАҒА ЖӘНЕ ҚАЗАҚСТАННЫҢ СЕРІКТЕСТЕРІНЕ ҰСЫНЫСТАР

БҰҰ адам құқықтары мен негізгі бостандықтарын ынталандыру мен қорғау жөніндегі арнайы баяндамашысы 2019 жылдың мамыр айында Қазақстанға сапарының қорытындысы бойынша жасаған баяндамасында заңнамада және тәжірибеде “экстремизм” деген терминнің қолданылуына орай алаңдауын білдірді. Әсіресе, террористік сипаттағы басқа қылмыстарды (қаржыландыруға қатысы жоқ) жасағаны үшін сотталғандарды және осындай қылмысқа қатысы бар делінген, бірақ “сотпен қудалауға жеткілікті дәлел жоқ” күдікті тұлғаларды терроризмді қаржыландыруға қатысы бар ұйымдар мен тұлғалар тізіміне енгізу айрықша алаңдататыны айтылды.

HRW Қазақстан үкіметіне бірқатар ұсыныс жолдады, соның ішінде заңнамадағы “экстремизмнің” анықтамасын қайта қарауды, сонымен бірге “күш көрсетуге итермелемесе де немесе өзі күш көрсетпесе де”, “экстремистік” немесе “террористік” әрекет немесе сөзі үшін айып тағылып сотталғандарды “автоматты түрде тізімге енгізуді доғаруды” ұсынған.

Бұған қоса, ұйым Қазақстан билігі елдегі сөз еркіндігі мен сынның “салдары ауыр болмауын” қарастырып, оппозициялық топтарға бейбіт қызмет етуге және партияларын “жазаға ұшыраудан” қорықпай тіркеуге рұқсат беруге тиіс деп санайды.

HRW Қазақстанның халықаралық серіктестерін ел билігінен азаматтарды көзқарасын бейбіт түрде білдіргеніне бола қудалауды доғаруды талап етуге шақырған. Сонымен бірге ұйым “антиэкстремистік заңнаманы асыра пайдалануды” тыймаса, Қазақстанның ФАТФ-тағы дәрежесін түсіру мүмкіндігін қарастыруды ұсынған (Financial Action Task Force, FATF – Халықаралық заңсыз ақша айналымымен күрес бойынша қаржылық шаралар қабылдау тобы).

HRW Қазақстанда полиция бейбіт наразылықты қуып тарататынын, ал оған қатысуы мүмкін адамдарды акциялар болмай жатып алдын ала ұстайтынын айтқан. Үкіметті ашық сынайтындардың қуғынға ұшырауы жалғасып келеді, соның ішінде тыйым салынған “экстремистік” ұйымдарға қатысы болуы мүмкін деген айыппен қылмыстық қудалауға ұшырайды.

ТІЗІМДЕГІ ЖАҢА ЕСІМ

Қараша айында қоғам белсендісі, марафоншы, тіркелмеген оппозициялық “Алға, Қазақстан!” партиясының көшбасшысы Марат Жыланбаев “экстремистік қызметті қаржыландырғаны” үшін және тыйым салынған “экстремистік” ұйымға (әңгіме ҚДТ туралы – ред.) “қатысы” болғаны үшін жеті жылға сотталды. Биыл оның үкімі күшінде қалды. Жуырда билік Жыланбаевты “экстремизм мен терроризмді қаржыландырушы тұлғалар тізіміне” қосты. Түрмеге түскенге дейін Жыланбаев бейбіт наразылық акцияларына қатысып, басқа да белсенділермен бірге оппозициялық партиясын тіркеуге бірнеше рет талпынған.

Осы айда Қазақстан соты осыған ұқсас айыппен журналист Думан Мұхаммедкәрім мен тағы бір белсенді Асылбек Жамұратовты жеті жылға соттады. Олардың үкімі әзірге заңды күшіне енген жоқ.

Қазақстан билігі қылмыстық кодекстегі экстремизм мен терроризм туралы ережені қайта қарастырып, олардың “құқықтық нақтылыққа кепілдік беретіндей мейлінше дәл” болуына қол жеткізуі керек. HRW бұған қоса Қазақстан азаматтарға заңда көрсетілген сөз еркіндігін, пікір білдіру және бірігу бостандығын жүзеге асырғаны үшін қылмыстық жауапкершілік артпауы, халықаралық құқық аясында қорғалатын басқа да құқықтарды бұзбауы керек деп санайды.

“Егер Қазақстанда үкіметке қарсы бейбіт наразылық шарасына қатысатын болсаңыз, үкімет “экстремист” ретінде қудалап қана қоймай, сізге қаржылық шектеулер де қоя алады, – деді Human Rights Watch ұйымының Орталық Азия бойынша аға ғылыми қызметкері Мира Ритман. – Қазақстан экстремизм мен терроризм туралы заңдарды бейбіт сын айтушылар мен басқа да тұлғаларға қарсы қолдануды тоқтатып, күш көрсету сипаты жоқ қылмысы үшін сотталғандардың бәрін [экстремизм мен] терроризмді қаржыландыратын тұлғалар тізіміне енгізуді доғаруы керек”.

Қазақстан билігі елде саяси қудалау бар екенін мойындамайды.

  • Қазақстан билігі келтірген дерекке сүйенсек, 2024 жылғы 31 наурыздағы жағдай бойынша, “экстремизмді қаржыландырушы тұлғалар тізіміне” енген 1400-ден астам адамның 141-і ҚР ҚК 405-бабы бойынша сотталған (тыйым салынған “экстремистік” ұйымға қатысы болғаны үшін); 205 адам 174-бап бойынша (алауыздық тудырғаны үшін); 317 адам 256-бап бойынша (терроризмді насихаттағаны үшін) сотталған. Бұл сол уақытта тізімге кіргендердің жартысына жуығы.
  • HRW тізімдегі сұрауға жауап берген тұлғалар жауапкершілікке осы баптармен тартылғанын, соның ішінде көпшілігі 405-бап бойынша, яғни тыйым салынған “экстремистік” ұйымға қатысы болған деген айыппен істі болғанын ескертеді, билік осы бап бойынша кейінгі жылдары ондаған белсендіні соттаған. БҰҰ-ның негізсіз ұстау жөніндегі жұмыс тобы 2021 жылы осы есепті жазу кезінде жауап берген бірнеше адамға қатысты шешім шығарып, олардың негізсіз ұсталғанын айтып, тез арада босатуды ұсынған.

Сондай-ақ қараңыз