Қонаев қаласында жабық өтіп жатқан сот процесінде прокурор журналист Думан Мұхаммедкәрімді 7 жылға бостандығынан айыруды және оған 3 жыл қоғамдық-саяси жұмыспен айналысуға тыйым салуды сұрады. Бұл жөнінде журналистің адвокаты Мұрат Жолшиев хабарлады. 29 шілдеде сотта жарыссөз басталды.
Журналисті қолдауға жиналған 40-қа жуық адам сот ғимараты алдында тұр. Думан Мұхаммедкәрім өзіне тағылған айып пен соттың жабық өтуіне қарсы бірнеше рет аштық жариялап, істің саяси астары бар деп мәлімдеген.
“Не дейді?” YouTube-арнасының авторы Думан Мұхаммедкәрім “Экстремизмді қаржыландырды” және “Тыйым салынған ұйым жұмысына араласты” деген күдікпен былтыр маусымда қамауға алынған.
Іске журналистің шетелде тұратын “Қазақстанның демократиялық таңдауы” (ҚДТ) қозғалысының жетекшісі, оппозиционер Мұхтар Әблязовтан алған сұхбаты себеп болған. Қазақстан соты ҚДТ қозғалысын “экстремистік ұйым” деп танып, қызметіне тыйым салған. Ал Еуропарламент ҚДТ-ны “бейбіт оппозициялық қозғалыс” деп атаған.
Журналистің өзі және адвокаттары іс қозғалған сәттен бастап тағылған айыпқа келіспеді.
Қазақстандық құқық қорғаушылар журналист Думан Мұхаммедкәрімді “саяси тұтқын” деп таныған. Ресми Астана елде “саяси тұтқын” да жоқ, саяси көзқарасына бола қудалауға түскен де ешкім жоқ дейді.
Думан Мұхаммедкәрім саяси ортада Қаңтар оқиғасынан кейін кеңінен таныла түсті. Ол – кемі 238 адамның өмірін қиған қырғын кезінде Алматыдағы дүрбелең ошағынан хабар таратқан санаулы журналистің бірі.
Қаңтар қырғынынан кейін Думан Мұхаммедкәрім YouTube-арнасында Қаңтар құрбандарының туыстарынан сұхбат алып, дүрбелеңнен кейін ұсталып, полицияда азапталған адамдардың көрген зәбірі жайлы жүздеген материал жариялады. Қаңтар оқиғасынан кейін Мұхаммедкәрімнің арнасын жұрт жиі қарайтын болды.