• Басты
  • >
  • Думан Мұхаммедкәрім ауруханаға жатқызылды

Думан Мұхаммедкәрім ауруханаға жатқызылды

18.07.2024

Қамаудағы журналист Думан Мұхаммедкәрім ауруханаға жатқызылды деп хабарлады адвокат Ғалым Нұрпейісов. 

– Кеше (17 шілдеде) қабылдады, бүгін жатқызды. Қонаев қаласының көпсалалық ауруханасындағы арнайы палатада ем қабылдап жатыр. Стреске байланысты, ұзақ уақыт аштық жариялауына байланысты Думанның денсаулығы нашарлаған. Оның бауыр-бүйрегі, асқазаны ауырады. Буындарында протрузия бар. Сырқаты көп. Әзірге емдеу уақыты орташа он күн деп айтты. Сол жақтан сотқа баратын сияқты, – деді адвокат Ғалым Нұрпейісов 18 шілдеде Азаттыққа.

Оның сөзінше, сотта үзіліс жариялау-жарияламау мәселесі дүйсенбі күні белгілі болады.

Адвокаттың сөзінше, абақтыға қамалғанға дейін журналистің салмағы 95 кило болған, аштық акцияларынан кейін журналистің салмағы 60-қа дейін түсіп кеткен.

– Думан көп отыра алмайды. Екі-үш сағаттан артық шыдай алмайды. Белі ауырады. Аштықты тоқтатқаннан кейін шамамен бес килодай салмақ жинады. Бірақ одан артық емес. Біз оған “медициналық көмек көрсетілмесе, азаптаумен пара-пар” деп өтініш түсіргенбіз. Оны ауруханаға жатқызуға көмек берген қоғам белсенділері мен құқық қорғаушыларға рахмет, – деді адвокат.

Қамаудағы журналист бұған дейін өзінің құқығы өрескел бұзылғанын айтып, наразылық ретінде бірнеше рет аштық жариялаған. Кейбір жолы аштық акциясын талабы орындалғасын тоқтаса, бірнеше рет денсаулығына байланысты тоқтатқан. Соңғы рет өзіне қозғалған істің созылып жатқанына наразылық ретінде аштық жариялап, кейін тоқтатқан. 

Ne Deidi Youtube-арнасының авторы, журналист Думан Мұхаммедкәрім “экстремизмді қаржыландырды” және “тыйым салынған ұйымның жұмысына араласты” деген күдікпен былтыр маусымда қамауға алынған. Іске журналистің шетелде тұратын “Қазақстанның демократиялық таңдауы” (ҚДТ) қозғалысының жетекшісі, оппозиционер Мұхтар Әблязовтан алған сұхбаты себеп болған.

Қазақстан соты ҚДТ қозғалысын “экстремистік ұйым” деп танып, қызметіне тыйым салған. Ал Еуропарламент ҚДТ-ны “бейбіт оппозициялық қозғалыс” деп атаған.

Былтыр мамырда қамауға алынған журналистің ісі бойынша сот процесі биыл 12 ақпанда Қонаев қаласында басталған. Алайда алғашқы сот кезінде ол өзіне полиция қысым жасағанын мәлімдеген. Кейін прокуратура “азаптау” бабы бойынша іс қозғап, Мұхаммедкәрім ол істе жәбірленуші деп танылды. Ізінше бұл іс “дәлел жетпеуіне байланысты” тоқтаған. Қазір Қонаев қаласында негізгі іс бойынша сот жабық жағдайында жалғасып жатыр. 

Журналист ісінің саясиланғанын айтқан құқық қорғаушылар Думан Мұхаммедкәрімді “саяси тұтқын” деп таныған.


Сондай-ақ қараңыз