Алматы билігі митинг өткізетін арнайы орынды Шоқан Уәлиханов алаңынан Амангелді Иманов атындағы саябаққа ауыстыруды, митингіге қатыса алатын адамдар санын 500-ге дейін қысқартуды да жоспарлап отыр.
Бұған қоса, митинг өткізетін аумақтың көлемін бұрынғы күйде сақтап қалу мақсатында “Сарыарқа” кинотеатрының артындағы саябақтың сыйымдылығын 500-ден 1000 адамға дейін ұлғайтуды көздеп отыр.
Алматы қаласы мәслихатының арнайы орындарды анықтау, сонымен бірге бейбіт жиын ұйымдастыру және өткізу үшін арнайы орындарды пайдалану тәртібі туралы шешіміне өзгерістер енгізу туралы шешім жобасы «Нормативтік құқықтық актілер» порталында жарияланды. Қоғамдық талқылау 24 шілдеге дейін созылады.
Алматыда “Сарыарқа” кинотеатрының артындағы саябақ ұзақ жылдар бойы рұқсат етілген митинг өткізетін жалғыз орын болып саналып келген. Бұл саябақ қала орталығында емес.
Шеру өткізу бағытын да өзгерту жоспарланып отыр. Қазір шеру өткізу бағыты Шоқан Уәлиханов алаңынан басталып, Шевченко көшесіндегі Махатма Ганди саябағына дейін жалғасса (шамамен төрт шақырым), жоба авторлары оны Жамбыл көшесі бойымен Гагарин даңғылынан бастап, Мұқановқа дейін апаруды ұсынып отыр. Картаға қарағанда, оның ұзақтығы шамамен екі шақырым. Жоба авторларының түсіндіруінше, аталған бағыт “еркіндеу, қозғалысты шектеуге жол бермейді”.
Жаңа өзгерістердің шамамен 200 адам ғана сиятын Ганди атындағы саябаққа қатысы бар-жоғы белгісіз. “Власть” сайтының жазуынша, мәселе локациялар санын азайту жөнінде ғана болуы мүмкін.
Алматы әкімдігі ұсыныстар полиция кеңесіне сәйкес әзірленгенін айтты. Әкімдіктің түсіндіруінше, Шоқан Уәлиханов атындағы алаңда жөндеу және реконструкциялау жұмыстары жүргізілгеннен кейін көлік тұрақтары ашылып, сигнал бағандары мен жаяу жүргіншілер жолы пайда болды, соған байланысты Шевченко көшесі тарылған.