• Басты
  • >
  • Алматыда полиция Айдос Садықовты саябақта еске алуға рұқсат етпеді

Алматыда полиция Айдос Садықовты саябақта еске алуға рұқсат етпеді

05.07.2024

Алматыда полиция ашаршылық құрбандарына қойылған ескерткіш орналасқан Қарағайлы саябағын қоршап, белсенділерге Украинада қастандықтан көз жұмған Айдос Садықовты еске алуға рұқсат етпеді.

3 шілдеде белсенділер ескерткішке гүл қоюға, үндеу түсіруге жиналатынын хабарлаған.

Таңертең саябақтың ішінде арнайы техникалар тұрды, қолына күрек, сыпыртқы ұстаған жұмысшылар ағаштың бұтақтарын жинап жатты. Саябақтың жан-жағында полицейлер мен азаматтық киім киген адамдар да толып жүрді.

Азаттық сөйлескен полиция қызметкері “саябақта абаттандыру жұмыстары жүріп жатыр, сол себепті адамдарды өткізбей тұрмыз” деді. Кейін полиция Азаттық тілшісі мен операторын да саябақтан шығарып жіберді. Видеода қарапайым киінген, бірақ қолында рациясы бар бір адамның полицейге бұйрық бергені көрінеді. Полиция қызметкері “саябақты қоршап тұрған жоқпыз, [белсенділер жиналатынын] білмеймін” деді.

Жиынға қатыспақ болған азаматтық белсенді Байбақ Белялов “Айдос Садықовты еске алуға келдік. Бірақ жүйенің адамдары оған рұқсат бермеді” деді. Ол саябаққа жақындағанда полицейлер өзін қоршап алғанын айтты. Беляловтың сөзінше, жиынға 20 шақты адам келген болуы мүмкін, бірақ полиция оларға кедергі болған.

Алматылық белсенді Сағат Күлжаханов полиция қызметкері одан құжатын көрсетуді сұрағанын айтты. “Біз Айдос [Садықовты] еске алуға гүл шоғын қоюға келдік, басқа ештеңе жоқ”, – деді ол.

Қаңтар оқиғасы кезінде аяғына оқ тиіп, арбаға таңылған Жәмила Бурабаева саябақтағы жұмысты “кездейсоқ емес” деп санайды. “Дәл бүгін халық Айдос Садықовтың қазасына байланысты келетін күн тез арада жұмыс істеп, бәрін қоршап тастады”, – деді ол.

Еске алу жиынына бармақ болған белсенді Абзал Достияровты таңертең полицияға шақырды. Әуезов ауданының полиция басқармасындағы “профилактикалық әңгімеде” Достияровты “халықты дүрліктірмеуге” шақырған, кейін ескерту беріп, босатқан.

“Билік үрейде отыр. Саябаққа барып, гүл шоғын қойып, қайтыс болған азаматқа құрмет көрсету биліктің ұйқысын қашырып отыр. Бұл биліктің қорқақтығын көрсетті. Онда тұрған не бар? Ол жерде ешқандай бұзақылық болмайды. Мыңдаған адам жиналып кетейін деп тұрған жоқ”, – деді Достияров полиция басқармасына кірмес бұрын.

Қазақстандық оппозиция белсендісі, “Бәсе” YouTube-арнасының негізін қалаушы журналист Айдос Садықов 2 шілдеде Киевтегі ауруханада көз жұмған. Оны 18 маусымда күндіз Украина астанасының орталығында көлігінің ішінде отырғанда атып кеткен. Садықовтың жанында әйелі Наталья Садықова да болған, ол зардап шекпеді. Садықовтар “Бәсе” YouTube-арнасын ашып, билікті ашық сынайтын видеолар жариялап жүрген.

Украина прокуратурасы қастандыққа күдікті деп Қазақстанның екі азаматы – Алтай Жақанбаев пен Мейрам Қаратаевты атаған. Қылмыс болған күні екеуінің Молдоваға шығып кеткені айтылды. 22 маусымда Қазақстан Бас прокуратурасы Жақанбаевтың ұсталғанын мәлімдеген. Прокуратураның ақпаратынша, ол полицияға өз еркімен берілген. Қаратаевтың қайда екені белгісіз, оны әлі іздеп жатыр.

Киев Жақанбаев пен Қаратаевты сырттай тұтқындап, екеуіне халықаралық іздеу жариялаған. Астана Садықовқа жасалған қастандыққа күдіктіні Киевке бермейтінін мәлімдеген.

Украина бас прокуратурасы Садықовқа жасалған қастандыққа байланысты күдіктілерге тағылған айыпты “Адам өлтіруге оқталу” бабынан “Тапсырыс бойынша және топ болып адамды қасана өлтіру” бабына ауыстырды.

Наталья Садықова күйеуінің қазасына Қазақстан билігін айыптап, қастандық “Тоқаевтың арында” деп мәлімдеген. Қастандық болған күні “Бәсе” арнасында “Қазақстан президенті Ресей ықпалындағы агенттіктердің қуыршағына айналды” деген видео жариялаған.

21 маусымда Қазақстан президентінің баспасөз хатшысы Берік Уәли Қасым-Жомарт Тоқаев Садықовқа жасалған қастандық бойынша тергеуді “жіті бақылап отыр” деп хабарлады. Ол Тоқаев Қазақстанның құқық қорғау органдарына күдіктілердің қазіргі мекенжайын анықтап, тиісті шара қабылдауды тапсырғанын айтқан.

Тоқаевтың өзі Садықовқа жасалған қастандыққа байланысты пікір білдіргенде “қоғамдағы барлық қарама-қайшылық пен келіспеушілікті тек құқықтық тұрғыдан, яғни тиісті заңнамаға және негізгі халықаралық нормаларға сәйкес шешу қажет” деген еді.

“Шекарасыз тілшілер” (RSF) халықаралық ұйымы Украина мен Қазақстан билігін Айдос Садықовты өлтіргендерді тез тауып, жауапқа тартуға шақырды.


Сондай-ақ қараңыз