• Басты
  • >
  • «Екі бүйректен отыра алмады». Журналист Мұхаммедкәрімнің соты басталды

«Екі бүйректен отыра алмады». Журналист Мұхаммедкәрімнің соты басталды

23.05.2024

Бүгін Алматы облысында журналист, азаматтық белсенді Думан Мұхаммедкәрімнің ісі бойынша негізгі сот тергеуі басталды. Бір жылдай қамауда отырған журналистің әкесі ұлының халін көріп, алаңдап шықты. Оның сөзінше, Мұхаммедкәрімнің екі бүйрегі ауырып, сот кезінде тұрып тұрған. Ішкі істер министрінің орынбасары «оны дәрігерлер бақылап отыр» деді.  

22 мамырда жиырма шақты белсенді Алматы облысы Қонаев қаласына барып, соты өтіп жатқан журналист, азаматтық белсенді Думан Мұхаммедкәрімге қолдау білдірді. Ішке ешбірін кіргізбейді. Себебі сот жабық өтіп жатыр. Жиналғандар Мұхаммедкәрімге бостандық талап етті, істі ашық қарауды сұрады. Маңайды полиция бақылап жүрді.  

Биыл ақпанда Мұхаммедкәрім «мені қыстыгүні суық көлікте ұстады, дөрекілік танытты» деп, өзін сотқа әкелген күзеттің үстінен азаптау бабымен арызданған. Бірақ таяуда сот бұл істі «дәлел жоқ» деп жауып тастады. Адвокат тағы шағым түсірмек. Ғалым Нұрпейісовтің сөзінше, екі бөлек қаладағы сот пен тергеу изолятор арасында жүру Думанға қиын. 

— Думанды Талдықорғаннан Қапшағайға алып келу, соттан кейін қайта изоляторға жеткізіп отыру оның денсаулығына қауіпті. Қазір Думанның денсаулығы нашар. Думан жолды көтере алмаса, бұл қатігездік көрсету болып есептеледі. Оған бір нәрсе болса, қылмыстық-процесуалдық кодекстің 14-бабына сәйкес, сотқа төрағалық етуші мен прокурор тікелей жауапты болады, – дейді ол.  

Іс бойынша негізгі сот тергеуі басталды. Мұхаммедкәрімге «экстремизмді қаржыландырды», «тыйым салынған ұйымға қатысты» деген екі баппен айып тағылған. Бұл іске қуғындағы банкир Мұхтар Әблязовтен алған сұхбаты себеп болды. Журналист видеосұхбат астына Әблязовтің банк есепшотын көрсеткен. Адвокаттары «Қазақстан оның ұйымына тыйым салғанымен, Әблязовтің өзі экстремистер тізімінде жоқ» деген уәж айтады. Мұхаммедкәрім бұл істі «саяси қудалау» деп санайды. Оның қамауда отырғанына бір жылдай болды. 

Сот өтіп жатқан күні, 22 мамырда Астанада Азаттық радиосының журналистері ішкі істер министрінің бірінші орынбасары Марат Қожаевтан Думан Мұхаммедкәрімнің ісі мен денсаулығы туралы сұрады. 

— Ол кісі қылмыстық жауапқа тартылып жатыр. Қазір соты басталды, үкімді күтесіздер, басқа пікір бере алмаймын. Денсаулығы шыдамды, медициналық бақылаудан өтіп тұрады, – деді Қожаев.

Сотқа Мұхаммедкәрімнің егде жастағы әке-шешесі мен адвокаты кірді. Сот отырысы екі сағаттай болды. Журналистің әкесі Алмас Тілепов ұлының халіне алаңдап шықты.

— Думанның өзінің денсаулығы әбден құрыған. Екі бүйректен отыра алмайды. Соттың өзінде де отыра алмады. Тұрып тұрды. Она ана жақтан [Талдықорғандағы тергеу изоляторынан] воронокпен алып келген. Жеті томдық іспен Думан әлі танысып болмаған. Енді сонымен соттың залында таныссын деп отыр. Енді білмедім бұлардың қандай әділ сот өткізіп жатқандарын. Бәрі жабық дейді. Ашық сот болмайды дейді. Біз тағы да талап қойдық, ашық сот өткізсін деп. Мынау бір әділетсіз, сорақы бір сот болды. Кісі өлтірген адамды да бүкіл эфирге жариялап, ашық сот өткізіп жатыр ғой. Ал Думандікін жабық өткізіп жатыр, – деді ол.

Биыл ақпанда прокурор осы істегі куәгердің «қауіпсіздігіне алаңдаймын» дегеніне сілтеп, істі жабық қарауды сұраған. Судья өтінішті мақұлдап еді. Бүгін Мұхаммедкәрім мен адвокаттары іс материалдарымен танысу үшін соттан уақыт сұрады. Келесі сот отырысы 27 мамырда өтеді.       

45 жастағы журналист Думан Мұхаммедкәрім 20 жылдай мемлекеттік арналарда жұмыс істеген. 2021 жылдан бастап «Не дейді?» youtube-арнасында билікті сынайтын видеолар жариялай бастады. Қаңтар оқиғасы кезінде алаңнан хабар таратқан аз журналистің бірі болды. Оның арнасында 147 мың жазылушы бар. Биыл ақпанда Human Rights Watch ұйымы Мұхаммедкәрімге «негізсіз айып тағылғанын» айтып, оны дереу босатуға үндеді. Қазақстан билігі бұл істің «саяси астары бар» дегенге келіспейді.