Астана қаласының әскери соты Қаңтарда оққа ұшқан 4 жасар Айкөркемнің өліміне байланысты айыпталған әскери қызметкер Арман Жұманды 7 жылға бас бостандығынан айырды. Осылайша бірінші инстанцияда шыққан ақтау үкімінің күшін жойды.
Сот бұған қоса, қорғаныс министрлігіне жеке ұйғарым шығарды. Ол «қаруды пайдалану, блокпостарды ұйымдастыру, нұсқаулықтармен байланысты заңсыздықтарға» қатысты. Соның салдарынан әскерилер «оқ ата»бастаған.
Бұл істегі жалғыз айыпталушы Арман Жұманға «Билікті асыра пайдалану» бабы бойынша айып тағылған. Ол істің басынан бері өзінің кінәсіздігін айтып келеді. Бейсенбі күні ол сот залынан қамауға алынған.
Адвокат Жан Күнсеркин үкімге көңілі толатынын айтты. Оның сөзінше, үкім бүгін, яғни 28 наурыздан бастап күшіне енеді.
Айкөркемнің әкесі Айдос Мелдехан үкіммен келіспейтінін жеткізді.
– Үкіммен келіспеймін. Себебі «Билік өкілетін асыра пайдалану» емес, «Адам өлтіру» бабы бойынша тергелуі керек еді. 7 жыл деген не ол? Екі жылдан кейін-ақ шығып кетеді, – деді ол Азаттыққа.
Былтыр 15 қарашада Алматы гарнизоны әскери соты айыпталушының «іс-әрекетiнде қылмыстық құқық бұзушылық құрамы жоқ» деп Жұманды ақтаған. Бұл үкім қоғамда қатты сыналды. Айкөркемнің әке-шешесі де, прокуратура да үкімнің үстінен шағым түсірген.
Қаңтар кезінде Айдос Мелдеханның балалары отырған көлікке оқ жауған. Оқиға кезінде оның 16 жастағы қызы жараланып, 4 жасар Айкөркем қаза болды. 8 жасар ұлы психологиялық шок алған.
Бұған дейін Жұман балалар отырған көлікке кім оқ атқанын білмейтінін, өзі көлікті көрмегенін айтқан.