• Басты
  • >
  • «Зорлау ісі» бойынша айыпталған Талдықорған полициясының экс-басшысы Күштібаевтың соты жалғасты

«Зорлау ісі» бойынша айыпталған Талдықорған полициясының экс-басшысы Күштібаевтың соты жалғасты

19.03.2024

Талдықорған қалалық полиция басқармасының бұрынғы басшысы Марат Күштібаевтың үстінен қозғалған іс бойынша сот қайта жалғасты. Бұл туралы дүйсенбі, 18 наурызда Жетісу облыстық сотының баспасөз қызметіне сүйеніп, Tengrinews.kz сайты хабарлады.

«Қылмыстық кодекстің 120-бабы («Зорлау») бойынша айыпталып жатқан Қ. бойынша қылмыстық іс Талдықорған сотында қаралып жатыр. Сот отырысы 28 наурызға белгіленді» деген соттың баспасөз қызметі.

5 наурызда Күштібаевтың денсаулығына байланысты сот отырысы кейінге қалған. Ақпаратқа қарағанда, жедел жәрдем оны сот залынан әкетіп, аурухананың кардиология бөліміне жеткізген.

Күштібаевтың ісі бойынша сот отырысы ақпанда басталған, процесс жабық өтіп жатыр. Сотқа дейінгі тергеу ісі Қылмыстық кодекстің 120-бабының 2-бөлігі («қызметтік міндетін атқару кезінде жасаған зорлау») бойынша жүргізілген.

Былтыр 13 қарашада Күштібаев 27 жастағы қызды зорлады деген күдікке ілініп, қамауға алынған. 14 қарашада сот оны екі айға қамады.

Бұл оқиғадан соң Жетісу облыстық полиция департаментінің басшысы Атығай Арыстанов, оның кадр саясаты жөніндегі орынбасары Талант Жұмабек пен тергеу бойынша орынбасары Мақсат Ережепов қызметтен кетті. Арыстановтың бірінші орынбасары Жасұлан Байкеновке ескерту жасалды.


Сондай-ақ қараңыз