«Хабар» телеарнасындағы «Бірақ…» ток-шоуы қоғам шуынан соң жабылатын болды. Бұл туралы мәдениет және ақпарат министрі Аида Балаева хабарлады.
11 наурызда телеарнаның эфиріне шыққан «Бірақ…» ток-шоуында күйеуінен ұзақ уақыт таяқ жеп жүрген әйел келіп, мәселесін айтады. Осыдан соң студияға әйелдің күйеуі келіп, гүл бермек болады. Әйел күйеуінен көп қорлық көргенін айтып, гүлді алудан бас тартады. Хабардың жүргізушілері әйелді үгіттеп, «балалары үшін» гүлді алуға, татуласуға шақырады. Эфирден әйелдің студияға күйеуінің келетінін білмей қалғаны аңғарылады.
Осы хабардан соң желіде күйеуінен таяқ жеген әйелге көмектесудің орнына қайта күйеуіне қосуға тырысты, отбасындағы зорлық-зомбылыққа көз жұма қарады деген сын көбейді. Кейбір адамдар телеарна әйелді жұрттың алдында қорлады деп жазды. Белсенділер, құқық қорғаушылар және инфлюенсерлер де ток-шоудың әрекетін сынға алды.
Министр Балаева «Бағдарлама діттеген мақсатына жете алмай, кейіпкерді жаңылыстыру арқылы қоғамда түрлі пікірлер туындатты. Мемлекеттік идеологияны жүргізіп отырған мемлекеттік телеарна бұндай олқылыққа жол бермеуі тиіс еді. Ең алдымен редакция барлық этикалық нормаларды сақтап, отбасылық-тұрмыстық зорлық-зомбылық пен арандатушылыққа жол бермеуге, кейіпкерлерді көпшілік алдында қорламау қажет еді. Сондықтан телеарна редакциясына бұл үлкен сабақ болады деп санаймыз. Аталған ток-шоу жабылады» деп жазды.
Қоғам шуынан соң «Хабар» телеарнасының басқарма төрағасы Кемелбек Ойшыбаев кейіпкерден және көрермендерден кешірім сұрады.
Кейінгі кезде Қазақстанда белсенділер, құқық қорғаушылар және инфлюенсерлер отбасындағы тұрмыстық зорлық-зомбылық мәселесін жиі көтере бастады. Олар биліктен тұрмыстық зорлық-зомбылыққа қарсы заңды күшейтуді талап етіп келеді. Қазір Қазақстанда отбасындағы зорлыққа жазаны күшейтетін заң жобасы қаралып жатыр.