• Басты
  • >
  • SDU University студенттерге әйелдер шеруін өткізуге рұқсат бермеді

SDU University студенттерге әйелдер шеруін өткізуге рұқсат бермеді

11.03.2024

Алматы облысы Қаскелең қаласындағы SDU University студенттерге оқу орнында әйелдер шеруін өткізуге рұқсат бермеді, оған қоса 8 наурыз қарсаңында студенттердің университет ішіне жапсырған гендерлік мәселелер туралы қағаздарын алып тастады.

Студенттердің бірі Азаттық радиосына шеру арқылы гендерлік мәселелерді көтеріп, дауысын жеткізгісі келгенін айтқан.

«Біз дүниежүзіне 8 наурыз гүлдер мен концерттер күні емес екенін түсіндіргіміз келді. Біз харассментке, тұрмыстағы зорлық-зомбылыққа, аңдуға ұшыраған әр әйелді қолдамақ болдық, мемлекет олардың мәселесін шешпегенімен, біз оларды қолдауға дайынбыз. Университет Қарасай [аудандық] әкімдігінен рұқсат алу керек екенін айтып, бізге [шеру өткізуге] рұқсат бермеді. Елде әйелдер үнін еститін алаң жоқ. Сондықтан университет аумағы бізге осындай алаң болады деп үміттендік», – деді аты-жөнін жарияламауды өтінген студенттің бірі.

Оның сөзінше, шеру өткізуді қолдайтын петицияға 78 адам қол қойған.

Студенттің айтуынша, оқу орны шеруге келісім бермеген соң олар басқа студенттердің назарын әйел құқықтары мәселелеріне аудару үшін университет ішіндегі асхана, ақпарат тақталарына 20 қағаз жапсырып шыққан.

«Олар көп уақыт тұрмады, қағаздарды алып тастады. Әкімшілік олардың университет ережелеріне сәйкес келмейтінін және қағазда мөр болуға тиіс екенін айтты», – деді студент.

Кейін шеруді қолдаған студенттер әйел теңдігіне қатысты лозунгтарын жаппай 2GIS қосымшасындағы пікірлер бөліміне жазған.

7 наурызда Азаттық тілшісі SDU University баспасөз қызметіне маршқа қатысты ақпаратқа түсініктеме беруді сұраған. Оқу орны «бұл ақпаратты нақтылау керек» деп, кейін дүйсенбіде жауап беруге уәде берді.

11 наурызда университеттің баспасөз қызметі жазбаша жауап жолдады, хатта «Бейбіт жиындар туралы» заң бойынша, жергілікті атқарушы орган келісімін алу керегін және митинг өткізуге арналған арнайы орындар бар екенін айтқан. Оқу орны 7 наурызда Алматы әкімдігі әйелдерді қолдау митингісіне рұқсат бергенін алға тартты. Бірақ SDU University Қаскелең қаласында (Қарасай ауданы – ред.) орналасқан соң, шеру жоспарланған университет аумағы Алматы әкімдігі мен Ганди саябағында өткен «Әйелдердің лайықты өмірі үшін» митингісіне қандай қатысы барын түсіндірмеді.

SDU University-ді 1996 жылы желтоқсанда Қазақстанның экс-президенті Нұрсұлтан Назарбаев пен Түркияның экс-президенті Сулейман Демирел ашты.

Бұған дейін Қазақстанның жастар ақпараттық қызметі Астанадағы Назарбаев университетінің студенттеріне 8 наурызда әйелдер шеруін өткізуге рұқсат бермегенін хабарлаған.


Сондай-ақ қараңыз