• Басты
  • >
  • «Трактормен – Ақордаға». «Билікті басып алмақ болды» деп айыпталған жеті адамға үкім оқылды

«Трактормен – Ақордаға». «Билікті басып алмақ болды» деп айыпталған жеті адамға үкім оқылды

11.03.2024

Алматыда “билікті басып алмақ болған” деген айып тағылған жеті адамға үкім шықты. Сот олардың айыбы толығымен дәлелденді деген тергеу тарабының байламымен үндесетін шешім шығарды: үш адамды алты жылға, үш адамды бес жылға бостандығынан айырды. Олар тағылған айыпты жоққа шығарды. Кінәсін мойындаған бір адамға сот шартты жаза берді. Сотталушының адвокаты ұлттық қауіпсіздік комитеті әуелі “арнайы операция” жүргізіп, кейін күдіктілерді тұтқындап, тергеуін жүргізген істе тағылған айыптар дәлелденбеді дейді. Ол “трактор-танк төңкеріс” ісі бір кездегі атышулы “Жиһадшылар ісіне” ұқсас екенін айтады.

ҮКІМ

7 наурыз күні түстен кейін Алматы қаласының қылмыстық істер жөніндегі мамандандырылған ауданаралық соты “билікті басып алуға талпынған” деген айып тағылған жеті адамды кінәлі деп танып үкім шығарды. Бұл жөнінде Азаттыққа сотталушылардың бірінің адвокаты Жанар Балғабаева хабарлады. Сот отырысы Zoom қосымшасы арқылы онлайн режимде өткен.

Судья Бақытхан Бәкірбаев жауапқа тартылған жетеуі де айыпты деп, алтауын бостандығынан айырды, біреуіне шартты жаза кесті.

  • 45 жастағы Бағдагүл Андреева – 6 жыл;
  • 41 жастағы Ержан Төреқұлов – 6 жыл;
  • 38 жастағы Олжас Құлжаханов – 6 жыл;
  • 64 жастағы Сағынкүл Қонар – 5 жыл;
  • 37 жастағы Теңлік Нұрланов – 5 жыл;
  • 37 жастағы Ақылжан Қисымбаев – 5 жыл мерзімге қамалды;
  • 44 жастағы Айдос Іліпбаевқа 3 жыл 4 ай шартты жаза берді.

Қаңтардың аяғында өткен сот процесінде прокурор соттан айыпталушыларға 13-15 жыл түрме жазасын сұраған еді.

Сот үкімін естіген соң Ақылжан Қисымбаев: “Рақмет деймін, сот мырза. Жаңа Қазақстан жасасын! Жарайсыңдар!” деді.

Айдос Іліпбаев сотқа дейінгі тергеу кезінде кінәсін мойындаған. Ал өзге алтауы тергеу кезінде де, сотта да жазығы жоғын айтып, тағылған айыптарды терістеген.

“Үкімге келіспейтініміз туралы апелляциялық шағым түсіруді ойластырамыз”, – деді Құлжахановтың адвокаты Жанар Балғабаева үкім шыққаннан кейін Азаттыққа.

Қылмыстық іс бойынша тергеу жүргізген Ұлттық қауіпсіздік комитеті (ҰҚК) Андреева мен Қонарға Қылмыстық кодекстің “билікті басып алуға жария түрде шақыру немесе үгіттеу”, “экстремистік топ құру немесе оның әрекетіне қатысу” және “жаппай тәртіпсіздік ұйымдастыру” баптары бойынша айыптар таққан. Ал Төреқұлов, Құлжаханов, Нұрланов пен Қисымбаевқа осы айыптарға қоса, “қаруды, жарылғыш заттар мен оқ-дәріні заңсыз сатып алу, басқаға беру, сату, сақтау, тасымалдау, өзімен бірге алып жүру” бабымен де айып тағылған.

Іліпбаев “жаппай тәртіпсіздік ұйымдастырмақ болған” деп айыпталды.

Жұрт арасында бұл сот процесі “трактор-танк төңкерісі” аталып кеткен. Оған сот кезінде “күдіктілер тракторға мініп, Ақорданы басып алмақ болды” деген деректердің айтылуы себеп болған. Сотқа дейінгі тергеу қорытындысы бойынша, күдіктілерге жаппай тәртіпсіздік ұйымдастырып, мемлекеттік төңкеріс жасауға талпынған, атыс қаруы мен жарылғыш заттар қолданып дүрбелең туғызуды, билік өкілдеріне қарулы қарсылық көрсетіп, Алматы қаласын, Ақорданы [Қазақстан президентінің Астанадағы резиденциясы] басып алуды көздеген деген айыптар тағылды.

Құқық қорғаушылар мен істі бақылағандар тергеу тарабы бұл жеті адамға тағылған айыптарды дәлелдей алмады, келтірген “айғақтары” сенім ұялатпайды деп есептейді.

Сотталушылардың адвокаттары 7 ақпандағы жарыссөзде тергеу біржақты жүргізілгенін, күдіктілерге тағылған айыптарға дәлел жоғын айтып, оларды жазығы болмаса да тым қатты жазаламақ болып жатыр деп мәлімдеген. Адвокаттар соттан істі доғарып, айыпталушыларды ақтауды сұраған.

“ӘБЛЯЗОВТЫ ҚОЛДАП, БИЛІКТІ БАСЫП АЛУҒА ТАЛПЫНҒАН”

2022 жылғы 17 қарашада Ұлттық қауіпсіздік комитеті “жаппай тәртіпсіздік ұйымдастыруды көздеген қылмыстық топтың жолын кескенін” хабарлаған. ҰҚК “үш күнннен кейін, 20 қарашада – елде президент сайлауы өтетін күні тәртіпсіздіктер ұйымдастырмақ болған” күдікті топты әшкерелегенін айтты.

ҰҚК күдіктілерді ұстаған күні таратқан видеода жұпыны, тар бөлмеде дастархан басында отырған бірнеше адамның әңгімесінен “Алматы облысында уақытша үкімет құру”, “жолдағы көліктерді тоқтату”, “снайперлер қою” туралы сөздер үздік-созық қана естіледі. Бірақ нақты не жөнінде екені түсініксіз, себебі әлгілердің кей сөзі анық естілмейді, видеода ол титрмен жазылған. ҰҚК күдіктілерді шетелде тұратын банкир, оппозициялық саясаткер Мұхтар Әблязовқа “көңілі ауғандар, тыйым салынған “Қазақстанның демократиялық таңдауы” (ҚДТ) қозғалысы мен “Көше партиясын” қолдайтындар, қылмыскерлер, ел ішіне іріткі салып, бірнеше қалада билікті басып алуды жоспарлаған”” деп сипаттаған.

2009 жылдан бері шетелде тұрып жатқан Мұхтар Әблязов ҰҚК видеосын “халықтың билікті бейбіт жолмен ауыстыру мақсатымен жаппай наразылыққа шығуынан қорқатын және ондайларды құбыжық етіп көрсеткісі келетін арнайы қызметтің қолдан жасаған нашар әрі сапасыз қойылымы” деп атаған.

Қазақстан билігі “экстремистік” деп таныған ҚДТ мен “Көше партиясын” Еуропарламент қарарында “бейбіт оппозициялық ұйым” деп атаған.

Ұсталған күннен абақтыда қамауда болған жетеудің жақындары үйлеріне құқық органдары тінту жүргізіп, бірінің үйінен мал соятын пышақ пен тир мылтығын айғақ ретінде әкеткенін айтқан.

Екі айдан кейін Айдос Іліпбаев “тергеу кезінде айыбын толық мойындаған” соң, күдіктіге белгіленген бұлтартпау шарасы өзгертіліп, ол содан бері үйқамақта болды.

Арада 10 ай өткенде 38 том құрайтын іс материалдары сотқа жетті. Былтыр 13 қыркүйекте алғашқы сот отырысында прокурор жетеудің айыбы “тергеу кезінде толығымен дәлелденгенін, олар тұратын жерден қару-жарақ табылғанын, күдіктілердің жарылғыш зат дайындап, билікті басып алуға оқталғанын” айтты. Бірақ күдіктілер тағылған айыпты терістеді. Олар “бұл іс ойдан құрастырылған, жарылғыш зат жасаған жоқпыз, қару-жарақ көрген емеспіз, арамызға ҰҚК ендірген агенттердің арандауына түсіп қалдық” деп мәлімдеді.

“ТРЕПАЧИ”. ҰҚК АРНАЙЫ ОПЕРАЦИЯСЫ

Күдіктілерді тергеу ісін жүргізген ҰҚК-нің Алматы қаласы бойынша департаменті тергеу басқармасының аға тергеушісі, капитан Айбек Сайлаубай ҰҚК 2022 жылдың наурызынан бастап арнайы іс-шара жүргізгенін сот процесінде айтты. Оның сөзінше, сол уақыттан бастап прокуратура санкциясымен бақылауға алынған топқа “Диана”, “Молекула” атты бүркеншік есіммен аталған екі адам ендірілген.

– Арнайы іс-шара “Трепачи” деп аталады. Тергеу барысында өзара “Андрееваның тобы” деп атайтынбыз. [Іске қатысты] ақпарат шығып кетпеуі үшін әр шара осылай әртүрлі аталады, – деп түсіндірген тергеуші Сайлаубай.

Тергеу тарабы күдікті топ Алматы мен өзге де қалаларда жаппай наразылық ұйымдастырып, билікті басып алуды, уақытша үкімет құруды көздеп, жиі бас қосып, әркімнің рөлін айқындаған дейді.

Мәселен, Андреева мен Төреқұлов “жоспарларын жүзеге асыру мақсатында қаржылай көмек беретін демеуші іздеп, әлеуметтік желілер арқылы жұртты заңсыз әрекеттерге итермелеп отырған”, ал “Құлжаханов, Нұрланов, Қисымбаев және Іліпбаевтарға жаппай тәртіпсіздік кезінде күштік құрылымдарға қарсы қарулы қақтығыс ұйымдастыру үшін қару-жарақ пен оқ-дәрілер табу жүктелген” деп жазылған айыптау актісінде.

Тергеушілер күдікті топ “Молотов коктейлі” сынды жарылғыш зат – бөтелкеатқыш жасаудың әдісі барын, оған кететін шығынды талқылаған дейді. Алматы базарларының біріне барып, керек заттарды сатып алып, сынақтан да өткізген деген дерек келтіреді.

Бірақ қару-жарақ, жарылғаш заттар дайындаған деген айыптауды терістеген сотталушылар әлгіндей құрал бөтелке емес, картоп ату үшін жасалғанын айтады. Пластиктен жасалынатын ондай құралды біреулер егін алқабынан құс үркітуге қолданса, енді біреулер нысана көздеп ермек қылады деді олар. Айтпақшы, “бөтелкеатқышқа” жасалған сараптама қорытындысында “қолдан жасалған, лақтыруға арналған құрал, қаруға жатпайды” деп жазылған.

“КАРТОПАТҚЫШТЫ БИЛІКТІ ҚҰЛАТУ ҮШІН ЕМЕС, ҚҰС ҮРКІТУГЕ ҚОЛДАНДЫМ”

Тергеушілер топқа жетекшілік етті деп көрсеткен Бағдагүл Андреева мен Ержан Төреқұлов Қаңтар қырғынынан бері бір-бірін біледі. Сот кезінде Төреқұлов тәуелсіз елдің тарихындағы ең ірі қантөгіске әкелген Қаңтар оқиғасына “еріксіз қатысушы” болғанын айтты. Елдің батыс өңірінде газдың қымбаттауынан тұтанған наразылық өзге аймақтарға да тез тарап, жаппай көшеге шыққан демонстранттар әлеуметтік проблемаларға қоса саяси талаптар көтерген. Көп ұзамай бірнеше қалада наразылық шерулері дүрбелеңге ұласып, президент Қасым-Жомарт Тоқаев құқық қорғау органдары мен армияға “ескертусіз оқ атуға” бұйрық берген. Ресми дерек бойынша, Қаңтар қырғынында кемінде 238 адам қаза тапқан.

– Еріксіз дейтінім, Бағдагүл екеуімізді Арон Атабектің қырқынан кейін, еш жазығымыз болмаса да, 15 күнге жапты. Кейін белгісіз себеппен, 5 қаңтарда кешкі сағат 9-10 шамасында [изолятордан] шығарып жіберді. Көшеде өртенген ғимарат пен көлік [көп]. Фашистер де жаулары қолына ақ ту алып шығып, “берілеміз” дегенде алдына шығып, келіссөз жүргізеді ғой. Ал Қаңтар оқиғасында қолына ту алып, “біз сендермен сөйлесейік” деген 500-600 адамға (жартысынан көбі – егде адамдар) оқ жаудырды. Жас қыздар, балалар өліп жатты оқ тиіп. Соның бәрін көрдім, күйзелдім, қиналдым, – деді Ержан Төреқұлов жарыссөз кезінде.

Оның сөзінше, осы оқиғадан кейін Бағдагүл екеуін “Қаңтар оқиғасы қайталанса не істейміз?” деген сауал мазалағандықтан, ой-пікірі өздерінікіне ұқсас өзге адамдармен бас біріктіріп, мәселені талқылап, ақылдасайық деп ұйғарған.

– Екінші Қаңтар ұйымдастырайық деген ойымыз болған жоқ. “Қаңтар қайталанса не істейміз?” деген ой ғана болды. Картопатқыш жасап көргеніміз рас. Ондағы мақсат – халық ереуілге шыққан кезде, Қаңтар оқиғасы кезіндегідей ОДКБ немесе өзге бір ұйым келіп, оқ атқан жағдайда тоқтату болатын. Кейін, жасаған картопатқыштан бас тартып, “халықпен бірге көреміз” деген оймен Құлжаханов оны сындырып тастады, – деді Бағдагүл Андреева соттағы жарыссөзде.

Тұрақты жұмысы жоқ Құлжаханов ерте көктемнен күзге дейін Алматының жоғарғы жағындағы жалға алған алма бағындағы ағаштарды күтіп-баптап, күзде жемісін сатып күн көріп келгенін айтты. Ол картопатқышты адамға қарсы пайдалану үшін емес, алма бағын құстан қорғау үшін жасағанын, одан Қисымбаевпен бірге атып көріп, кейін сындырып тастағанын растады. Айыптаушы тарап алма бағы маңындағы Құлжаханов тұрған көлемі 12 шаршы метр шағын вагоннан қару-жарақ пен оқ-дәрілер табылып, оған “атыс қаруын заңсыз сақтады” деген де айып қосылғанын алға тартты. Құлжаханов қару өзінікі емесін айтады.

– Қаруға еш қатысым жоқ. Оның сол жерде қайдан пайда болғанын да білмеймін. Оны бос тұрған вагонға өздері әкеліп тастады. Олай дейтінім, мен ол кезде жұмысқа жалданып, танысымның үйін жөндеп жүргем. Әкем 15 қарашада вагонға барып, киім-кешек, тамақ ішіп жүрген дастархан сияқты заттарды алып, ол жерді тазалап кеткен. 16 қарашада қар жауып, ертесіне, 17 қарашада сол жерде тінту жүріп, қар басқан, кей жерінде мұз қатқан қару табылған, – деді Олжас Құлжаханов жарыссөзде.

Ол өзге айыпталушылармен жақын таныс болмағанын, ешқашан митингіге шықпағанын да айтты.

– Төреқұлов пен Қонарды, Іліпбаев ты өмірімде үш-ақ рет көрдім. Үш рет көрген адамдармен мені топ құрды дейді. Сөзім жоқ. Айыптау актісінде мені Қаңтар оқиғасына “қатысушы” депті, мен қатысқан жоқпын, тіпті бір де бір митингіге қатысқан емеспін. Бұған дейін айтқанымдай, әкем Сағат Құлжаханов – азаматтық белсенді. Оған бұған дейін “төрт ұлың бар екен, біреу қамап тастайды деп қорықпайсың ба?” деген ескертулер айтылған. Сенбейін десең, бір жылдан асты, қамауда отырмын, – деді Құлжаханов.

“ҚАҢТАРДА АЗАПТАЛҒАННАН КЕЙІН ҮНСІЗ ҚАЛА АЛМАДЫМ”

Қаңтар оқиғасы кезінде оқ тиіп жараланып, ауруханада жатқан жерінен арнайы жасақ алып кетіп, 19 күн қамауда болған Ақылхан Қисымбаев, сол кезде абақтыда көрген азаптаулардан кейін лайықты ем ала алмай, әлі күнге аяғын баса алмайтынын айтты. Балдаққа сүйеніп жүреді.

Алматыда құрылыста істеген жігіт Қаңтар оқиғасы кезінде түскен тергеу абақтысынан шыққаннан кейін, қамауда отырғанда өзін азаптағандарды тауып, жазалауды сұрап прократураға жиі баратын. Бірақ азаптау ісі “күдікті табылмағандықтан” жабылып қалды. Осыдан кейін ол билікке өкпелі екенін жасырмайды.

– Билікті сынағаным заңға қайшы емес. Мен сөйлесем, азапталған соң сөйледім. ҰҚК, прокуратура қызметкерлері адамдарды қалай “сындырғанын” көрдім, тіпті түрмеде өлімші халге жеткізді деуге болады. “Заң бұзбаңдар, заң шеңберінен аттамаңдар” дейсіздер, мен заң бұзғанның көкесін сол түрмеде көрдім ғой. Қамаудағы 19 күннің әрі күнінде төрт сағатқа әкетіп, небір азаптаудан өттім, аман қалып, босап шыққасын, үнсіз қала алмадым, – деді Қисымбаев жарыссөзде.

“СТЕНОГРАММАДА СӨЗІМНІҢ ӨҢІН АЙНАЛДЫРЫП ЖІБЕРГЕН”

Сот процесі барысында сотталушылардың кейбірі айыптау актісінде келтірілген видеоның стенограммасында өздерінің сөзі бұрмаланып берілгенін айтып, судьядан стенограмманы жарамсыз деп тануын сұраған.

Сотталған жетеудің ішіндегі ең үлкені – 64 жастағы Сағынкүл Қонар. Шет тілдер және іскерлік карьера университетінің профессоры, философия ғылымдарының кандидаты, дінтанушы. Ол өзге айыпталушылармен үш рет қана кездескенін айтады.

– Қылмыстық кодекстің 179 және 272-баптарына сәйкестендіру үшін кездесулерді өздері ұйымдастырып, аудио және бейне жазбалардың стенограммаларына айтылған ойдың мағынасын өзгерту үшін бір сөздің орнына басқа сөзді жазып, естіліп тұрған сөзді “естілмеді” деп көрсетіп, фальсификация жасаған. Мәселен, мені жиналысқа шақырып, “алда сайлау болады, митинг болады, соған келіңіз” дегенде, менің “қажет емес, электрон петиция да керек емес, қағазға миллион, бес миллион, он миллион қол жинау керек, соның барлығын сурет етіп жасап жіберу керек” деген сөзім төртінші томда “электрон петиция қажет емес, сөйтіп көп қағаз жинап, мысалы, 50 адам, 500 адам, 10 мың адам жинаймыз да, соның бәрін электронный кіріп, жан-жаққа жіберу керек” деп жазылған. Сонда менің миллиондаған қол жина дегенімді адам жинап, жан-жаққа жіберу керек дегенге келтірген, – деді Сағынкүл Қонар.

Адвокаттар күдіктілерді белгілі бір іс-әрекеті үшін емес, тек ой-пікірі, құр әңгімесі үшін ауыр айыптар тағып, жазалауға қарсылық білдірді. Тергеуші бұған өз уәжін айтты.

– “Билікті басып алу” дегенді дұрыс түсінбей жатқан сияқтысыздар. Ол триггер. Бұл кісілер триггер жасап береді. Ол мысалы, қарулы қақтығыс болып қалуы мүмкін ғой, сондай кезде шоқ қою ғой. Бірден көтеріліп кету үшін триггер керек дегенді стенограммада айтады, – деді Сайлаубай.

Бағдагүл Андреева өзіне қарсы куә болған екі адамның сотқа берген куәлігін жарамсыз деп тануын сұраған. Сот процесі кезінде айыпталушылардың бәрі аты-жөнін жиі атаған, істегі куә ретінде көрсетілген адамның қылмыстық іске ілік болған барлық кездесуде болғанына қарамастан, неге жауапқа тартылмағаны тергеушіге қойылған негізгі сұрақ болды. Тергеуші сараптамаға сілтеді.

– Сараптамада кімнің сөздерінде нақты 179-бап бойынша насихаттау, одан кейін [құқық бұзуға] үндеу белгілері барын жазып берді. Сол жерде тиісінше ол адам жоқ, – деп жауап берді тергеуші Айбек Сайлаубай.

Адвокат Төлеген Берліқожа судьядан стенограммаға сараптама жүргізген мамандарды сотқа шақыртып, жауапқа тартуды сұрады. Сот оның өтінішін орындамады.

Адвокат Жанар Балғабаева “трактор-танк төңкеріс” ісі бойынша сотқа тартылып жатқандарды атышулы “Жиһадшылар ісіндегі” кейіпкерлермен салыстырды.

– Лауазымды адамдар Қаңтардың “ізін” тапқысы келген болу керек, қылмыстық іс-әрекет болған деп көрсету үшін осы “Трепачтар” тобын құрған. Олар азаматтық белсенділерді қалай айналдырғанын, олардың басым көпшілігі арандауға түсіп, құқық бұзушыға айналып шыға келгенін еш қымсынбастан жазып отыр. Солардың арасынан бірнешеуін таңдап алған. Ешқандай топ болмаған, барлығы идеяға бола жасалған. Бұл іске арандату негіз болған, кезіндегі “Жиһадшылар ісі” секілді, – дейді Балғабаева.

2018 жылы Алматыда “қарулы жиһад ұйымдастырмақ болған” деген айыппен үш адам 7-8 жылға сотталған еді. Тергеу оларға Қазақстанда тыйым салынған “Қазақстанның демократиялық таңдауы” (ҚДТ) қозғалысы қатарына адам тарту үшін ақылдасып, бірнеше рет кездескен, “қарулы жиһад” жасауға үндеген деген айып таққан. Айғақ ретінде интернетте жарияланған, бетперде таққан бірнеше адамның “қарулы жиһад” жасауға үндеген сөзі жазылған видеоны ұсынған. Тергеушілер даулы видеоны “белсенділер Алмат Жұмағұлов пен Оралбек Өміров түсірген” деді. Ондай видео түсірмегенін, тағылған айыпты мойындамайтынын айтқан үшеуі сотталып кетті. “Бұл іс те арандатушылық негізінде қозғалды” дейді сол кезде Алмат Жұмағұловты қорғаған адвокат Жанар Балғабаева “трактор-танк төңкеріс” ісі жөнінде.

Қазақстандық құқық қорғаушылар былтыр айыпталушылардың ісі саясиланғанын айтып, Бағдагүл Андреева, Сағынкүл Қонар, Ержан Төреқұлов, Айдос Іліпбаев , Теңлік Нұрланов, Олжас Құлжахановты және Ақылжан Қисымбаевты “саяси тұтқындар” тізіміне қосқан. Қазақстан билігі елде саяси тұтқындар жоқ деп есептейді және “өзгеше ойлайтындар” қудалауға ұшырайды деген тұжырымға келіспейді.


Сондай-ақ қараңыз