• Басты
  • >
  • Франция президенті келген тұста Астанада күзет күшейіп, кемі бір адам ұсталды

Франция президенті келген тұста Астанада күзет күшейіп, кемі бір адам ұсталды

01.11.2023

Фото: Азаттық радиосы

Астанадағы Франция елшілігі алдында күзет күшейтілді. Бүгін, 1 қарашада Қазақстанға Франция президенті Эммануэль Макрон сапармен келген. 

Макрон сапары қарсаңында тіркелмеген оппозициялық «Алға, Қазақстан» партиясының өкілдері Астанадағы Франция елшілігі алдына наразылыққа шығатынын мәлімдеген. Олар Эммануэль Макроннан жарты жылдан бері қамауда отырған партия жетекшісі, белсенді Марат Жыланбаевқа араша сұрамақшы болған. 

Азаттық радиосының мәліметінше, Франция елшілігі алдын полиция күзетіп тұр. Жақын маңайға алты арнайы көлік «автозак» қойылған. Қара киім киген адамдар кемі бір адамды күштеп ұстаған. 

Бұған дейін, 30 қазанда Астана соты белсенді Әсер Оңланбекқызы мен Жәнібек Жүнісовті 15 тәулікке әкімшілік қамауға алған. Екеуіне де «бейбіт жиын өткізу ережесін бұзды» деген айып тағылған. 

Франция президентінің сапары алдында International Partnership for Human Rights ұйымы Эммануэль Макронды Қазақстан президенті Қасым-Жомарт Тоқаевпен кездесуде адам құқықтары мәселесін көтеруге үндеген.


Сондай-ақ қараңыз