• Басты
  • >
  • «Әуежайды басып алу ісі»: Айыпталушылар 4 жылдан 8 жылға дейін сотталды

«Әуежайды басып алу ісі»: Айыпталушылар 4 жылдан 8 жылға дейін сотталды

12.07.2023

11 шілдеде Алматыда сот Қаңтар оқиғасы кезінде «әуежайды басып алу ісі» бойынша үкім шығарды. 

Судья Мартпек Кәкімжанов журналист – Әйгерім Тілеужанды 4 жылға бостандығынан айырып, қауіпсіздігі орташа түзеу колониясына жіберу және сот залынан қамауға алу туралы үкім шығарды. Судья үкімі бойынша, Әйгерім Тілеужанның абақтыда қамауда отырған 1 тәулігі 1,5 тәулікке, үйқамақтағы 1 тәулігі тәулікке есептелді.

Судья айыпталушылар тарих пәнінің мұғалімі – Қалас Нұрпейісов, такси жүргізушілері – Нұрлан Дәлібаев, Ермұхамет Шилібаев, Жанайдар Кәрменовтің әрқайсын 8 жылға бостандығынан айырып, қауіпсіздігі орташа түзеу колониясына жіберу жөнінде үкім кесті. Олардың қамауда отырған бір тәулігі 1,5 тәулікке есептелді.

Бұған дейінгі сот жарыссөзінде прокурор Бекзат Сейтімбет айыпталушылар – Қалас Нұрпейісов, Нұрлан Дәлібаев, Ермұхамет Шилібаев, Жанайдар Кәрменовтерге 11 жыл, Әйгерім Тілеужанға бес жыл жаза кесуді сұраған.

Сот үкімі шығар күні Наурызбай аудандық соты алдына сотталушылардың жақтастары, туыстары мен қоғам белсенділері жиналды. Олар сот залында «Бостандық!», «Әділ сот!» деп ұрандатты.

Сот үкімінен кейін журналистерге сұхбат беріп үлгерген Әйгерім Тілеужан ешкімнің алдында басын имейтінін, тізесін бүкпейтінін айтты. 

– Ешқандай «Жаңа Қазақстан» жоқ. Бұл істеп отырғандары әділетсіздік. Мені қанша жылға қамаса да басымды имеймін, тіземді бүкпеймін. Отырып шығамын. Күрес ары қарай жалғасады. Бұл жерде бірінші 20 мың террорист келді деген Тоқаев сотталуы керек. Жалған ақпарат таратқан Асылов сотталуы керек, – деді Тілеужан. 

Оның сөзінше, судьяның осындай үкім шығаруына биыл қаңтарда парламентте есеп берген Қазақстан бас прокуроры Берік Асыловтың «әуежайды басып алушылар» туралы мәлімдемесінің тікелей қатысы бар. Берік Асылов ешқандай соттың шешімінсіз, кінәсіздік презумпциясын ескермей Әйгерім Тілеужан мен Қалас Нұрпейісовті «діни экстремист» деп атаған.  

Әйгерім Тілеужанға соңына дейін сөйлеуге азаматтық киімдегі ер адам мүмкіндік бермеді. Қолына кісен алып алып кетті.

Әйгерім Тілеужан мен оның адвокаты бұл мәселе бойынша Берік Асылов «кінәсіздік презумциясын бұзды» деп сотқа берген.

Үкім шығарылған тағы да үш адам сот үкімімен келіспейтінін, «Жаңа Қазақстан» соты әділетсіз өткенін айтты.

Сотталушылардың жақтастары үкіммен келіспей наразылық білдірді. Олар бастапқыда сот залынан шықпай күзетпен қақтығысып қалды. Кейіннен айыпталушыларды алып шығады деген есіктің алдына жиналып, «Тоқаев – қанішер», «Тоқаев – халық жауы» деп ұрандатып, есіктің алдын жауып алмақ болды. Бірақ сотталушыларды басқа есіктен шығарып алып кетті. 

Биыл 30 наурызда Алматыда «Қаңтар оқиғасы кезінде әуежайды басып алу» ісі бойынша бес адамның соты басталған.

Тергеу орындары бұл іс бойынша журналист Әйгерім Тілеужанға, тарих пәнінің мұғалімі Қалас Нұрпейісовке, такси жүргізушілері Нұрлан Дәлібаевқа, Ермұхамет Шилібаевқа, Жанайдар Кәрменовке айып таққан. Әйгерім Тілеужан бастапқыта абақтыда отырып, кейін үйқамаққа ауыстырылған, өзге төртеуі былтыр көктемнен бері тергеу абақтысында қамауда отырған.

Айыптау қорытындысында Әйгерім Тілеужан мен Қалас Нұрпейісов Қаңтар оқиғасы кезінде Алматы әуежайында наразы топтың алдында «билікке қарсы сөздер айтып, оларды заңсыз іс-әрекетке айдап салып, жаппай тәртіпсіздік ұйымдастырған» деп көрсетілген.

20 маусымда өткен сот отырысында олардың «жаппай тәртіпсіздік ұйымдастырғанын» көрсететін видеоны судья «жеткілікті дәлел бола алмайды» деп істен алып тастаған. Бұған Әйгерім Тілеужанның адвокаты Айнара Айдархан: «Біздің де сұрауымыз осы. Енді куәгерлердің сөзі ғана қалды. Әйгерімің айыбын дәлелдейтін өзге дәлел жоқ» деген еді.

Нұрпейісов, Дәлібаев, Шилібаев пен Кәрменовтің айыптау қорытындысында  «ғимараттарға шабуыл жасады»,«көліктерді тартып алып, бөтеннің мүлкін жымқырды»  деп жазылған.

«Нұрпейісов әуежай ішіндегі жаппай тәртіпсіздікпен шектелмей, Ұжымдық қауіпсіздік туралы шарт ұйымы (ҰҚШҰ) әскерінің келуіне жол бермеу үшін, әуе қозғалысының қауіпсіздігін қамтамасыз ететін жүйелік жабдыққа электр қуатын беретін «Қазаэронавигация» ғимаратын басып алмақ болған» деп жазылған тергеу материалында.

Қылмыстық іс бойынша, Алматы халықаралық әуежайы, «Қазаэронавигация» мен Qazaq Air, Air Astana, Fly Arystan және Scat әуекомпаниялары жәбірленуші деп танылған. Прокуратура айыпталушылардың әуежайдағы заңсыз іс-әрекетінің салдарынан әуекомпаниялар мен жеке кәсіпкерлер орасан зиян шеккен дейді. Тергеу материалдарында келген зиян көлемі 6,1 миллиард теңгеден асады деп жазылған. Оның негізгі бөлігі ірі әуекомпанияның әуежайдағы дүрбелең кесірінен жұмысы тоқтағандықтан алынбай қалған табысы деп көрсетілген.

Айыпталушылер өздеріне тағылған айыпты мойындамайтынын әлденеше рет мәлімдеген. Айып тағылған бес адамның екеуі – Әйгерім Тілеужан мен Қалас Нұрпейісов қазіргі билікті сынайтын көзқарастағы азаматтық белсенділер ретінде танылған. Қалған үш адам бұрын-соңды белсенділігімен көзге түспеген.

38 жастағы кәсіби аудармашы, журналист Әйгерім Тілеужан үкіметке қарсы наразылық митингілеріне шығып, қоғамдық-саяси мәселелерге қатысты ой-пікірін айтып, саяси реформалар жүргізуді талап еткен. Былтырғы қараша айынан бері үйқамақта отыр. Әуелде Тілеужан іс бойынша куәгер болды, бірақ 2022 жылғы қазанда тергеушілер оны күдікті деп таныды.

44 жастағы Қалас Нұрпейісов бұрын мектепте мұғалім болып істеген. Бес баласы бар, кенжесі әкесі тергеу абақтысында отырғанда дүниеге келді. Нұрпейісов 2019 жылы наразылық акцияларына шығып, саяси талаптар айтып, азаматтық көзқарасын білдіргеннен кейін мектептегі жұмысынан айырылған. Жалғыз мүлкі – үйін тергеу соты санкцияға алған.

Тілеужан мен Нұрпейісов Қаңтар оқиғасы кезінде Алматы әуежайына барғанын растайды, бірақ «жұртты тәртіпсіздікке шақырды, өздері де қатысып, ұйымдастырды» деген айыпты мойындамайды.


Сондай-ақ қараңыз