15 маусымда әлеуметтік желіде медреседе «аят, хадистерді дұрыс оқып, жаттамаған» тоғыз және жеті жастағы екі баланың көк ала қойдай сабалған видеосы тарады. Видеода ер адам балалардың ата-анасы өздерінен құқықтық кеңес сұрағанын айтып, балаларды молда «ұрып-сабағанын» айтады. «Медресенің аты қандай?» деген сұраққа балалар «медресе емес, кәдімгі үй» деп жауап береді. Видеода балалардың денесі көгеріп, ісігені байқалады.
Видео тарағаннан кейін Қазақстан мұсылмандары діни басқармасы балаларды ұрды деген «Таспау Сәлімбай»мешітінің қызметкері жұмыстан босатылғанын мәлімдеді.
Қазақстан мұсылмандары діни басқармасының мәліметінше, оқиға Шымкент қаласында болған. Түркістан облысы Сарыағаш ауданының тұрғындары – ағалы-інілі Ешмұратовтар «Таспау Сәлімбай» мешітінің ұстазы Рүстем Асқаровтан ұлдарына үйден діни сабақ беруді өтінген. Асқаров балаларға қол жұмсаған.
Басқарма мешіт қызметкері «Құран сүрелерін дұрыс оқымағаны үшін емес, жеке мәселеге байланысты ашуланып, балаларға қол жұмсаған» деп түсіндіреді. Оқиға медреседе болмаған. Дін қызметкері этикасын өрескел бұзған адам қызметінен босатылған. Азаттық тілшісі Асқаровтың өзінен жауап ала алмады.
Шымкент қалалық полиция департаменті оқиғаға байланысты Қылмыстық кодекстің «кәмелетке толмаған адамды тәрбиелеу жөнiндегi мiндеттердi орындамау» бабымен (140-бап) қылмыстық іс қозғаған. Сотқа дейінгі тергеу басталған.