Орал қаласының тұрғыны Әлібек Ерғазиев орталық алаңға шығып, карантин шараларына қарсы наразылық білдірді. Ерғазиев қолына “ҰҚК карантин жариялайды, қалғандары пешка!” деген жазуы бар плакат ұстап шықты.
Тұрғын жергілікті билік жариялаған карантин шараларының артында Ұлттық қауіпсіздік комитеті тұр деп санайды.
«Елде төтенша жағдай жоқ, бірақ жұрттың бәрін үйде отырғызып, аузын жапқысы келеді. Егер шектеу енгізсе, өтемақы төлеп, материальдық көмек көрсетсін. Шектеу енгізсе, сайлауды да өткізбесін», – деді Ерғазиев 2021 жылғы 10 қаңтарға белгіленген мәжіліс пен мәслихат сайлауын меңзеп.
Қала тұрғынының наразылығы Батыс Қазақстан облысында екі аптаға қосымша карантин шаралары күшіне енгеннен кейін өтті. Жаңа шектеуге сай, демалыс күндері елдімекендер арасына блокпостар қойылып, Орал қаласына кіріп-шығу шектеледі.
Ерғазиевтің акциясы басталған соң бірнеше минут өткенде оған бірнеше адам келді. Олардың бірі өзін ішкі саясат басқармасының қызметкерімін деп таныстырды. Оның сөзінше, белсенді ұйымдастырған пикет заңсыз. Шенеунік бір адамдық пикет өткізу үшін заңға сай әкімдікпен келісу керек деп ескертті.
«Плакатымды жинап, акцияны аяқтадым. Мені билік жауапқа тартқанын қаламаймын», – деді белсенді.
Ерғазиев пикеттен бірнеше сағат бұрын Орал қаласы әкімдігін бейбіт митинг өткізуге рұқсат бермегені үшін сотқа берді. Ол әкімдіктің рұқсат бермеуін заңсыз деп санайды.
Оралдық тағы бір белсенді Бауыржан Әліпқалиев те Орал қаласы әкімдігі бейбіт митинг өткізуге рұқсат бермегені үшін сотқа шағымданған. Белсендінің сөзінше, бірінші сот отырысы келесі аптаға белгіленген.
Биыл маусымда күшіне енген “Бейбіт митинг туралы” заңға сай, жұрт митинг, пикет өткізу үшін жергілікті билікке ескертуі тиіс. Құқық қорғаушылар халықаралық стандарттарға сай келмейді деп сыналған заңда митинг өткізуге рұқсат бермейтін 13 себеп көрсетілген. Билік заңды “алға жылжу” деп бағаласа, құқық қорғаушылар “рұқсатсыз митинг өткізгендерге жаза күшейді” деп санайды.