Қазақстанда белсенділерді қамау жалғасуда.
Ақмола облысы Целиноград аудандық соты тамыздың 25-26 күндері аралығында төрт белсендіні «заңсыз митингіге қатысты» деген айыппен әкімшілік-құқықтық жауапкершілікке тартты.
Белсенді Алма Нұрышева мен Аслан Хасанов сот шешімімен 7 және 10 тәулікке қамалды. 26-шы тамызда Динара Мүбаракқа 60 АЕК, Антон Фабрыйға 30 АЕК көлемінде айыппұл салынды.
Тамыздың 8-і күні Нұр-Сұлтан қаласының жанындағы Талапкер ауылында тергеу изоляторында жұмбақ жағдайда қайтыс болған белсенді Дулат Ағаділге ас берілген. Кейіннен республика бойынша асқа қатысқан азаматтық белсенділер түрлі себептермен ұстала бастаған.
Соңғы мәліметтерге сүйенсек, Нұр-Сұлтан, Алматы, Өскемен, Семей, Ақтөбе, Атырау, Ақтау қалаларында елуге жуық белсенді 10 тәуеліктен 15 тәулікке дейін қамауға жабылған. Жиырмаға жуық азаматқа әртүрлі мөлшерде айыппұл салынған. Олардың барлығына «заңсыз митингіге қатысты» деген айып тағылған.
Дулат Ағаділдің асына қатысты деп әкімшілік жазаға тартылған белсенділер тізімі (тізім «Азаттық» радиосының сайтынан алынды және толық емес):
Алма Нұрышева – Нұрсұлтан, 27 тамызда жеті тәулікке қамалған
Аслан Хасанов – Нұр–Сұлтан, 27 тамызда он тәулікке қамалған
Динара Мүбәрак – Ақмола облысы, 26 тамызда 60 АЕК көлемінде айыппұл салынған
Антон Фабрый – Нұр-Сұлтан, 26 тамызда 30 АЕК көлемінде айыппұл салынған
Айтбай Әлиев – Қызылорда облысының тұрғыны, 26 тамызда он тәулікке қамалған
Айнұр Мырзалиева – Ақмола облысы, 24 тамызда 30 АЕК көлемінде айыппұл салынған
Сәрсенгүл Әшірбекова – Ақмола облысы, 24 тамызда он тәулікке қамалған (сот әзірге растамады)
Бибігүл Тұяқова – Нұр-Сұлтан қаласы, 24 тамызда 30 АЕК көлемінде айыппұл салынған
Қайрат Серікқалиев – 24 тамызда он тәулікке қамалған
Ұласбек Ахметов – Алматы облысының тұрғыны, 23 тамызда он тәулікке қамалды
Қайрат Қылышев – Алматы облысының тұрғыны, 23 тамызда 8 тәулікке қамалған.
Бұдан бөлек, осыдан бір апта бұрын Жаңаөзен қаласында «саяси тұтқындарды босатуды» талап етіп наразылық акциясын өткізген Мұратбай Жұмағалиев, Нұржан Наренов, Ғазиз Махамбет, Нұрлыбек Нұрғалиев бастаған 8 саяси белсенді 10 тәулікке қамалған. Бұған қоса, Ақтау қаласында белсенділер Өнербаев Нұрбол, Яна Байғамбетова, Айгүл Ақбердиева, Бибигүл Мамай, Асхат Жексебаев, Каиров Дидар және Джумаев Абловас ұсталған.