19 наурызда Шымкенттің Еңбекші аудандық соты “жала жапты” деп айыпталған «Темірқазық-ой» қоғамдық-саяси газетінің редакторы Анаркүл Сүлееваны ақтады.
Еңбекші аудандық сотының дерегінше, журналистің үстінен арызды Шымкент қалалық әділет департаменті басшысының міндетін уақытша атқарған Нұржан Махамбетов түсірген. Шағымға журналистің Facebook парақшасында 2019 жылы желтоқсан айында жарық көрген жазбасы түрткі болған. Журналистің айтуынша, онда “былтыр жаңа жыл алдында мас күйде қызметтік көлікті жүргізіп, полицияға ұсталған шенеуніктің әрекеті” туралы жазба жарияланған. Сүлеева өзіне тағылған айыпты жоққа шығарады.
«Айыпталушының әрекетінде қылмыстық құқықбұзушылық оқиғасының болмауына байланысты ақтау үкімі шықты» деді үкімді оқыған судья Қайрат Ізтілеуов.
«Темірқазық-ой» қоғамдық-саяси газетінің редакторы Анаркүл Сүлеева бірінші рет сотқа тартылып отырған жоқ. Екі жыл бұрын Шымкенттің Әл-Фараби аудандық соты “жалған ақпарат таратты”, “өзге адамның жеке өміріне қол сұқты” және “порнографиялық материалдарды немесе заттарды заңсыз таратты” деп айыпталған Анаркүл Сүлееваны бас бостандығын екі жарым жылға шектеген. Сот сонымен қатар оған үш жыл журналистік қызметпен айналысуына тыйым салған. Кейіннен сот журналистің жазасын жеңілдеткен.