• Басты
  • >
  • «Қытай қазақтарының мәселесін шешетін уақыт жетті»

«Қытай қазақтарының мәселесін шешетін уақыт жетті»

24.04.2018

Адам құқығы сақталуы тиіс 

  Қазақстан Республикасы мен Қытай Халық Республикасы –  көршілес мемлекеттер, «Шанхай ынтымақтастығы» ұйымының мүшелері, стратегиялық әріптес саналатын елдер. Қазақстан мен Қытай арасында достық пен өзара ынтымақтастықты, экономикалық, мәдени байланыстарды нығайту жөнінде мемлекет аралық келісім шарттар жасалынған және олар іске асырылып жатыр.  Соңғы екі жылдың ішінде арадағы қарым-қатынасқа  сызат түсіруі ықтимал келеңсіз жағдайлардың орын алғандығына бүгінгі қоғамдық талқылау барысында көз жеткіздік.

Қытайда этникалық қазақтардың қуғындалғандығы туралы ақпараттардың ақиқат екендігі даусыз. 2017 жылдың маусым айында Дүниежүзі қазақтары қауымдастығының Ү-ші құрылтайында бұл туралы ресми түрде мәлім етілді. ҚР президенті Н.Назарбаев  Сыртқы істер министрлігіне мән жайды анықтауға тапсырма берді. Қытайдан Қазақстанға көшіп келген қандастарымыздың атынан жазылған арыз-хаты ҚХР Сыртқы істер министрлігіне табыс етілді. ҚР СІМ  ҚХР-на ресми түрде  дипломатиялық нота тапсырды.

 Қытай билігі бұл нотаға байланысты оңды шешім қабылдамады. Бұған дәлел: ол жақтағы қазақ жұртшылығының, яғни, біздің қандастарымыздың төлқұжаттары жиналып алынды, бүгінде көші-қоң  тоқтап қалды, адамдарды заңсыз түрде, жазықсыз жазалап, түрмелерге топ-тобымен тоғыту жалғасып жатыр! Тіпті сол жаққа  Қазақстан азаматтығын алып барғандар мен ықтияр хатпен жүргендер де ұсталып, қамалған. Осы қоғамдық тыңдауда көрсетілген бейне баяндарда және көпшілік алдында сөйлеген адамдардың бастан кешкен қиянаттары сол мыңдаған жәбірленушілердің жағдайынан толық хабар береді.  

 Бүгінде қанша отбасы Қытай билігінің солақай саясатының кесірінен бөлініп қалғанын нақтылы анықтау мүмкін емес. Мұндағы кей отбасылары асыраушысыз қалып, күнкөрістері тіпті қиындады. Қытай тарапынан  жасалып отырған қысым елде үлкен үрей туғызды. Қазақстан жұртшылығы көрші елде ашықтан-ашық жасалған қуғын- сүргінге, адам құқығының  тапталып жатқанына алаңдаулы. Мемлекеттер арасында татулық болуы үшін бірінші кезекте Адам құқығы сақталуы тиіс!

   Шыңжаң аймағында қазақ және қытай отбасыларын туыстастыру деген желеумен олардың ұл- қыздарын некелесуге мәжбүрлеу, ассимиляцияға ұшырату үдеп барады. Діни наным-сенімдерге шектеу қойып, имамдарды жалған жаламен  қамау, қазақ отбасыларының үйінде тұрған Құран, тәспі, жайнамазды тәркілеп, өртеу сияқты келеңсіздіктер орын алған. Өлген адамға жаназа шығару мүмкін болмай отыр! Ораза-намаз сияқты қарапайым діни амалдарды орындау қылмыс саналған.

  Қос тілде – қытай және қазақ тілдерінде білім алу құқықтары шектелген, балабақшадан бастап, барлық мектептерде  қытай тіліне басымдылық беріліп, сол тілде  білім алу міндеттелген. Қытайдың негізгі Ата заңында әр ұлттың  діни еркіндігіне құрмет ету, өз ана тілінде білім алуын қамтамасыз ету дейтін баптары бола тұра осылай өрескел дәрежеде өзі бекіткен заңға өздері қарсы келді. 

Қытай билігінің бұл әрекеті тек сондағы қазақ ұлтына, мұсылман жұртшылығына ғана жасалған қастандық деп қарауға әсте болмайды және бұл бүкіл өркениетті адамзат баласын  ойландыруы, сақтандыруы тиіс!

   Қытай билігі өзінің ішкі жағдайына байланысты ұстанған саясатын іске асырудың ең тұрпайы түрін қолданғандықтан осындай келеңсіздіктерге ұрынса керек. Бәлкім, Қазақстан халқы ауыл шаруашылығы мақсатындағы жерлерді Қытайға жалға беруге келіспегендіктен, қысым жасау арқылы мәжбүрлеуді жоспарлаған болар. Егер сондай мақсат көзделсе, онда оның залалы ең алдымен өз үстемдігін көрсетушіге тиетінін ескеру қажет! 

   ҚР «Азаматтық туралы» заңында республиканың шегінен тыс жүрген өз азаматтарының құқықтары мен мүдделерін қорғау бойынша шаралар белгіленген. Шеттегі азаматтардың құқын қорғауды негізінен елдегі Сыртқы істер министрлігі жүзеге асырады. Министрлік өз міндетін тиісті деңгейде атқарса, келеңсіздіктерге қатысты дер кезінде дабыл қағар еді, Қазақстан азаматтарына қорған болар еді.СІМ тарапынан сылбырлық және батымсыздық байқалады.   

  Біздер, қоғамдық талқылауға қатысушылар, БҰҰ басшылыққа алатын Жалпыға ортақ Адам құқығы туралы Декларацияға, халықаралық қауымдастықтың көмегіне жүгіне отырып, Қазақстан Республикасымен дипломатиялық қарым-қатынастағы барлық мемлекеттердің елшілері арқылы Қытайдағы қазақтардың және басқа да азшылықтағы ұлттардың қуғын мен қысымға ұшыраған азаматтарының қазіргі жағдайына халықаралық қауымдастықтың айырықша назар аударуын сұраймыз. Бұған тиісті саяси, құқықтық баға беріледі деген үміттеміз. Аталған Декларация  бойынша  әр мемлекет өзінде қандай  саяси, әлеуметтік, мәдени жүйе екеніне  қарамастан, адам құқығы мен теңдігін сақтауға міндетті. Ешбір адам қинау мен азаптауға ұшырауға, адам төзгісіз айуандықпен жазалануға немесе ар-намысы тапталатын жағдайға ұшырамауы тиіс.

   Жалпыға ортақ Декларация бойынша, адамның отбасына, жеке өміріне ешкім араласа алмайды. Ал бүгін Қытайдағы заңсыздықтардың салдарынан  этникалық қазақтардың отбасылары екіге бөлініп қалды. Ата-ана – баладан, әйелі – күйеуінен, қарындасы –  ағасынан  еш жазықсыз, ешбір соғыссыз айырылуда!  «Сенің Қытайға қатысты ойың дұрыс емес!»деген заңда жазылмаған айыптарды ойлап тауып, жазалауы тіпті жөнсіз. Жүздеген мың адам «саяси үйрену» орталығына жөнелтілген.

 Қытайда  Жалпыға ортақ Адам құқығы Декларациясында көрсетілген әр адамның азаматтық таңдау құқығы, мемлекеттен еркімен кету немесе қайта оралу сияқты саяси  құқықтары дөрекі түрде бұзылуда. Қандай азаматтықты таңдау – әр адамның өз құқы. Ешкім өз еркінен тыс қалаған азаматтығынан айырылуы тиіс емес, азаматтығын өзгерту туралы құқын да,  оның еркінен тыс ешкім өзгерте алмайды. Бірақ Қытай мұның бәрін керісінше орындауға біржола бет бұра бастаған сыңайлы. Сондықтан Қазақстан жұртшылығы, біздер  Қытайдың азшылық этникалық топтарға қатысты жүргізген саяси қысымын шектен шыққандық деп есептейміз. БҰҰ жанындағы Адам құқығы жөніндегі Жоғарғы Комиссары, Хельсинкий комитеті, дін еркіндігін қолдайтын Amnesty International, Фридом Хаус, Форум-18. т.б. адам құқығы мен еркіндігін қолдайтын өзге де ұйымдар Қытай тарапынан жасалып жатқан қысымды  тоқтатуға ықпал етеді деген сенімдеміз.

   Біз Қытай мемлекетінің жоғарғы басшылығына теперіш көрген  қандастарымыздың тағдырына қатысты өзіміздің алаңдаушылығымызды білдіреміз және мынандай талап-тілегімізді жеткіземіз:

1.Саяси қыспақтардың салдарынан түрмеге жазықсыз қамалған қандастарымыздың дереу босатылуын, олардың төлқұжаттары мен ыхтиярхаттарының  қайтарылуын сұраймыз.

  1. Жалпыға ортақ Адам құқығы Декларациясына сәйкес, адамдардың діни еркіндігі, ұлттық салт-дәстүрін сақтау еркіндігі мен өз ана тілінде оқып, білім алу еркіндігі орнығуы тиіс деп есептейміз.
    3.Қазақстан Республикасы дүние жүзіндегі бар қазақтың бірден-бір тарихи Отаны, жоқтаушысы болғандықтан, Қытай тарапынан ол жақтағы қандастарымыздың түп қотарыла көшіп келуіне кедергі жасалмасын. Әр адам қай мемлекетте тұрғысы келсе, қандай азаматтық алғысы келсе, ол оның өз еркі.
  2. Асыра сілтеуге жол берген Шыңжан Ұйғыр автономиясын басқарушы Чын Шуан Го және нақтылы жағдайды өзгеше баяндаған, виза беруде қолдан қиындық тудырған ҚХР-дың Қазақстандағы Төтенше және өкілетті елшісі Чжан Ханьхуейдың әрекеттері екі ел арасындағы достыққа, стратегиялық әріптестікке қызмет етпейтінін мәлімдейміз.

  Біз әлем жұртшылығына Қытайдағы геноцид деп бағалауға тұрарлық, этникалық қазақтардың жаппай қысымға ұшыраған жағдайларын мәлімдей келіп:

   Шыңжаңдағы «исламшыл сеператистер жасайтын» шабуылды тоқтату үшін бақылауды күшейту деген желеумен азшылық саналатын ұлттарды жазықсыз жазалауға, шетелге шыққаны немесе тым діншіл болғаны үшін қамап, соттауға кіріскен қытай билігінің теріс саясатын айыптауға, мыңдаған адамдардың құқығын шектеуге жол бергізбеуге шақырамыз!

 Біз Қазақстан билігінен мынаны талап етеміз:

  Қытай тарапынан этникалық қазақтарға жасалып отырған шектен шыққан заңсыздықтардың тоқтатылмауына байланысты қатаң түрдегі  наразылық білдіруді;

   Екі мемлекет арасында жасалған экономикалық, сауда келісім шарттарын қайта қарауды, оның ішінде қытайдың 51 кәсіпорнын Қазақстанға көшіруден үзілді-кесілді бас тартуды, газ, мұнай өндірудегі қытай жағының үлесін 15 пайыздан асырмауды,  ауыл шаруашылығы жерлерін жалға беруді келісім-шарттардан мүлде алып тастауды;

  Қытайдан алынған қарыздарды дер кезінде қайтарып отыруды және алдағы уақыттарда бұл елден қарыз алмауды, яғни қаржылық тәуелділікке ұрынбауды;

  «Ұлы көш» бағдарламасын қайтадан қолға алып, тиянақты түрде іске асыруды;

  Қытайдағы қандастарымыздың тағдырына қатысты мәселені  Сенат пен Мәжілістің бірлескен  отырысында талқылауды, елге келушілерге азаматтық берудегі бюрократиялық тосқауылдарды жойып, заңдардағы шикіліктерді қысқа мерзімде түзетуді – оралман куәлігі, ықтиярхат сияқты қосымша құжаттарсыз, тұрақты тіркеуге тұру үшін пәтер ауданы 15 ш.м.болуы тиіс делінген талап қоймастан, Қазақстан шекарасынан өтіп, өтініш жазған қандастарымызды бірден ел азаматы санауды, ол жақтағы қуғындау  мен қысымшылықтың салдарынан бері ауған қазақтарға босқын мәртебесін беруді;

  Қазақстан азаматтарын елге қайтаруды, ал зардапқа ұшыраған  қандастарымызды көшіріп алудың шараларын жедел қарастыруды;

 Қазақстан Республикасы аумағында заңсыз жүрген мыңдаған қытай азаматтарын елден шығаруды, шетелдіктерге пара беру арқылы төлқұжат таратқандарды қатаң жазалауды, ондай қылмысты Отанға опасыздық, сатқындық жасау деп есептеуді;

 Қазақ халқының тағдыры үшін жауапкершілікті мойнына алған президент Нұрсұлтан Назарбаевтың бұл мәселеге өзінің тікелей араласуын!

    Бұл талаптарды еліміздің барша азаматтары қолдайды деген сенімдеміз.  

                  Қарар Алматы қаласында, «Қазақстан» қонақ үйінің залында  зиялы қауым өкілдерінің, саясаткерлердің, құқық қорғаушылардың, қоғамдық ұйымдар мен бірлестіктер мүшелерінің, саясаттанушылардың, ақпарат құралдары қызметкерлерінің, жұртшылықтың қатысуымен өткен қоғамдық талқылауда қабылданды.   

         24 сәуір, 2018 жыл.

 

 

 


Пікір үстеу

Сондай-ақ қараңыз