• Басты
  • >
  • Жоғарғы сот БЕЛОУСОВА ісін қайта қарауға жіберді

Жоғарғы сот БЕЛОУСОВА ісін қайта қарауға жіберді

15.02.2018

Қазақстан Жоғарғы сотының азаматтық істер бойынша сот алқасы 14 ақпан күні Анна Белоусованың ісін Астананың Сарыарқа аудандық сотына қайта қарауға жолдады. Жоғарғы сот алқасы бұған қоса Белоусованың өзіне жыныстық бопса жасалғаны үшін мемлекеттен жеті миллион теңге өтемақы талап еткен ісі бойынша бұған дейінгі сот қаулысының күшін жойды. Сот алқасының төрағасы Елис ӘБДІҚАДЫРОВ судьялар 2016 жылы БҰҰ-ның әйелдерді кемсітуді тию комитеті қараған Белоусованың ісін «бұдан да кеңірек, тыңғылықты және толықтай қарау керек» деп ұйғарғанын айтты.

Қостанай облысы Перцовка ауылының 35 жастағы тұрғыны 18 жасынан мектепте гардеробшы болып істеген. Оның еңбек шартын жыл сайын ұзартып отырған. Бірақ 2010 жылы мектепке жаңа басшы келген. Анна Белоусованың сөзіне қарағанда, ол «өзімен төсектес болуды талап еткен, әйтпесе жұмыстан шығаратынын айтқан». Егер төсектес болудан бас тартса, 15 мың теңге жалақысынан 10 мың теңге беруді талап еткен.

Ол ұсыныстың барлығынан бас тарқан Белоусовамен келісімшарт жаңа жылға ұзартылмай, ол жұмыссыз қалған. Осы оқиғадан соң ол қалалық білім бөлімі мен полицияға шағым түсірген. Алайда бұл мекемелердің ешқайсысы тергеу бастамаған, қылмысты тексеруге тырыспаған.

Керісінше, директор жала жапты деп сотқа беріп, Белоусованы жеңіп шыққан. Ал Анна Белоусова сот шығындарын өтеумен қоса, әлгі ер адамнан мектеп ұжымы алдында кешірім сұрауға мәжбүр болған.

Анна Белоусова Қазақстандағы барша соттардан өтіп, ешбірінен қолдау көрмей, 2012 жылы Адам құқығы бюросының Қостанайдағы филиалы көмегімен БҰҰ-ның әйелдердің кемсітуді тыю комитетіне арызданған.

2015 жылы Анна Белоусова (CEDAW/C/61/D/45/2012) Қазақстанға қарсы ісіне байланысты, БҰҰ Әйелдерге қатысты кемсітушіліктің барлық түрлерін жою туралы конвенция бойынша шешім шығарып, Қазақстан мемлекетіне ұсыныс жасаған болатын. Ұсыныста еңбек қатынастары кезінде сексуалды алымсақтықпен күресу үшін, Қазақстанның ұлттық заңнамасына кідіртпестен, Комитеттің № 19 жалпы ұсынысына сәйкес, халықаралық норма мен стандарттарға сай келетін жұмыс орнындағы жыныстық бопсалау анықтамасын жалпы қамтитын ұғымды енгізіп, тиімді түрде шағым жазу және қарастыру тетіктерін, құқықтық қорғау және санкциялау құралдарын енгізуді ұсынған болатын.

Алайда, осы ұсынысқа байланысты, әлі күнге дейін ҚР қылмыстық кодексіне жыныстық бопсалау бойынша заң нормасын енгізу мәселесі талқыланбай келеді. Қазақстан қылмыстық кодексте «алымсақтық» немесе «жыныстық бопсалау» сияқты түсініктер жоқ.

Бұл бағыттағы қылмыстық жауапкершілік «зорлау», «зорлауға әрекеттену» немесе «бұзақылық» сияқты баптармен қарастырылады. Қызмет бабын не лауазымын пайдаланып өзге азаматтарға сексуалдық алымсақтық жасау әрекеттері көп жағдайда заңның шикілігіне байланысты жазасыз қалады.

Ал Жоғарғы соттың Белоусова ісі бойынша шығарған шешімі, істі қайта қарауға жіберуі ендігі бұл бағыттағы мұздық еруінің бастауы ма деп үміттенеміз.


Пікір үстеу

Сондай-ақ қараңыз